"Үлкен дулыға" турнирлерінің 22 дүркін чемпионы Рафаэль Надаль мадридтік "Реал" футбол клубының директорлар кеңесінің мүшесі болады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Клубтың директорлар кеңесі бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық теннисші Рафаэль Надальды кеңес мүшесі етіп бекітуді ұсынған.
Рафаэль Надаль — "Реалдың" құрметті мүшесі әрі жанкүйері.
"Рафаэль Надальдың спорттық жетістіктері айрықша. Ол 92 жеке титул жеңіп алды, соның ішінде "Үлкен дулыға" турнирлерінде 22 рет топ жарды. Сондай-ақ екі Олимпиада алтынын иеленіп, Испания құрамасымен Дэвис кубогын бес рет жеңіп алды және әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Алайда оның тұлғасы спорттық жетістіктерімен ғана шектелмейді. Дарыны, үнемі дамуға ұмтылысы, жанкештілігі, бәсекелестік рухы, қарапайымдылығы, қарсыластары мен командаластарына деген құрметі және ынтымақтастық сезімі оны кортта да, одан тыс жерде де үлгі тұтар тұлғаға айналдырды. Бұл құндылықтар "Реалдың" болмысымен тығыз байланысты. Рафаэль Надаль спорттық мансабы бойы осы қағидаларды ұстанып, бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанкүйердің кумиріне айналды", – делінген клуб мәлімдемесінде.
Рафаэль Надаль қазір 40 жаста.
Тоқаев Елена Рыбакинаны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады
Елена Рыбакина WTA Finals-2026 турниріне жолдама алған алғашқы теннисші болды