Мемлекет борышкерлерден алимент өндірудің тиімділігін арттыру және заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жаңа талаптар мен цифрлық бақылау тетіктерін енгізіп жатыр. Атап айтқанда, мамандарды кезең-кезеңімен аттестациялау және олардың жұмысын автоматты түрде қадағалау механизмі іске қосылады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов алименттік міндеттемелерді орындау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша сауалға берген жауабында айтты.
"2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жеке сот орындаушыларының заңнаманы білу деңгейі мен оны тәжірибеде қолдану қабілетін бағалау үшін үш жылда бір рет міндетті мерзімді аттестациялау енгізіледі. Аттестациядан қайта өте алмау немесе дәлелді себептерсіз келмей қалу заңда белгіленген тәртіппен лицензиядан айыруға әкеп соғады. Осымен қатар, атқару өндірісінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне жеке сот орындаушыларының қызметін автоматты түрде мониторингтеу құралдары енгізілді. Бұл құралдар заңда көзделген мәжбүрлеп орындау шараларының қабылданбауын анықтауға және олардың уақытылы жүзеге асырылуын бақылауға мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов.
Саладағы заң бұзушылықтардың алдын алу үшін цифрлық мониторинг жүйесін проактивті форматқа көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жаңашылдық сот орындаушылары тарапынан жіберілетін олқылықтарды адамның қатысуынсыз-ақ дер кезінде анықтауға жол ашады. Осылайша, жүйелі реформалар заң талаптарының толық орындалуын және азаматтардың құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етпек.
Оқи отырыңыз: Мерзімі өткен қарыз: шотты бұғаттауды болдырмау үшін не істеу керек
"Сондай-ақ проактивті бақылауды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл ретте жүйе заң бұзушылық белгілерін автоматты түрде анықтап, олардың жойылуын қадағалайды әрі жүргізілген тексерулер мен қабылданған шаралар туралы мәліметтерді қалыптастырады. Осылайша, лицензиялық бақылауды күшейту, міндетті аттестациялауды енгізу және цифрлық мониторингті дамыту жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттырады, заң бұзушылықтарды уақытылы анықтауға жол ашады, сондай-ақ атқару әрекеттерінің толықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етеді", – деді Олжас Бектенов.