"31 арна" медиахолдингінде кадрлық өзгерістер болды. Журналист, редактор әрі тележүргізуші Әділ Өнербаев Informburo.kz жаңалықтар порталының бас редакторы қызметіне тағайындалды. Бұған дейін порталдың бас редакторы қызметін үш жыл бойы Гүлжан Мұқышева атқарған.
Әділ Өнербаевтың медиа саласында 14 жылдық тәжірибесі бар. Ол республикалық СТВ, "Астана" және "7 арна" телеарналарында жұмыс істеген. "Студия 7" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жүргізген. Сондай-ақ Independ.kz ақпарат агенттігінде бас редактор қызметін атқарып, Airan Media YouTube жобасының авторы әрі жүргізушісі болған.
Әділ Өнербаев Informburo жаңалықтарын жүргізуді жалғастыра береді. Жүргізушілікпен қатар порталдың дамуына, соның ішінде әлеуметтік желілер мен YouTube платформасындағы жұмысты жандандыруға басымдық бермек.
"Informburo.kz – журналистер, редакторлар, фото және видеотілшілерден құралған мықты командасы бар жаңалықтар порталы. Он жылдан астам уақыттан бері Қазақстан мен әлемдегі маңызды оқиғаларды жариялап, арнайы жобалар, көлемді мақалалар мен жетекші сарапшылардың пікірлерін ұсынып келеді. Алдымызға қойған мақсаттың бірі – брендтің әлеуметтік желілер мен YouTube сияқты жаңа медиаплатформалардағы ықпалын арттыру. Сонымен қатар, портал мен Informburo жаңалықтар редакциясының арасындағы байланысты нығайтуды жоспарлап отырмыз. "31 арнаның" еліміздің барлық өңірінде тілшілері бар. Олар эксклюзивті тақырыптарды анықтап, тың ақпарат жинайды. Ал портал сол материалдарды жедел жариялауға күш салмақ. Алда атқаратын жұмыс пен жүзеге асыратын жоспар көп. Барлығы ойдағыдай болады деп сенемін", – деді Әділ Өнербаев.
Informburo.kz – Қазақстан мен әлемдегі оқиғаларды тәулік бойы жариялайтын мультимедиалық ақпараттық-сараптамалық портал. Редакция жедел жаңалықтармен қатар, оқиғалардың себеп-салдары мен мәнін түсіндіретін сараптамалық материалдар әзірлеп, түрлі көзқарастарды ұсынады. Портал жарияланымдарында фотосуреттерге, бейнематериалдар мен инфографикаға да ерекше мән беріледі.
Порталдың серіктесі – "31 арнадағы" "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. Informburo.kz "31 арна" медиахолдингінің құрамына кіреді.
50 өнерпаз бен жасанды интеллект: 31 арна музыкалық революция жасады
Жаңа күзгі маусым: 31 арна көрермендерін немен таң қалдырады