"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Бұл – Қазақстанда табиғат аясына жіберілген екінші жолбарыс. Бірінші, Үміт есімді аналық жолбарыс дәл осы резерватқа тамыздың басында жіберілген болатын.
Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур жолбарыс "Іле-Балқаш" резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болды. Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.
Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
"Әрбір жолбарысты табиғатқа жіберу – үлкен жауапкершілік. Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Біз олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырамыз", – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.
Балқашқа жолбарыс оралды. Ол не жейді және адам мен малға қауіп бар ма
Қазақстанда 70 жылдан кейін алғаш рет Амур жолбарысы табиғатқа жіберілді