Мәжіліс депутаты "Өрлеудің" педагогтер мен психологтарға арналған курстарын сынға алды

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ол буллинг пен суицидтік мінез-құлық қаупі бар балаларды қолдауға арналған бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан үкімет басшысы Олжас Бектеновке арнаған депутаттық сауалында "Өрлеу" АҚ жүзеге асыратын педагогтар мен психологтардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының тиімділігіне баға беруді талап етті. Оның айтуынша, орталықтың біліктілік арттыру курстары педагогтар мен психологтарды қажетті практикалық білім мен құралдармен қамтамасыз етпейді. 

"Педагогтар мен мектеп психологтары суицидтік көңіл-күйді не анықтай алмайды, не онымен қалай жұмыс істеуді білмейді, не бұл ақпаратты елемейді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған (әсіресе инклюзивті бағдарламалар бойынша оқуы тиіс), буллингке ұшыраған, суицидтік белгілері бар балалар тиісті деңгейде көмек ала алмайды. "Just Support" қоры жүргізген қоғамдық мониторинг барысында педагогтар мен мектеп психологтарын даярлау мен біліктілігін арттырудағы жүйелі проблемалар анықталды. Атап айтқанда, "Өрлеу" АҚ іске асыратын біліктілікті арттыру курстары педагогтар мен психологтарды қажетті практикалық біліммен және құралдармен қамтамасыз етпейді, анонимді сауалнама нәтижелері бойынша мамандар оқытудың формальды сипаты және алынған білімді іс жүзінде қолдану мүмкіндігінің жоқтығы туралы айтады, мектеп психологтары жұмыспен тым көп қамтылған және мұқтаж балалармен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндігі жоқ", – деді Кенжеғұл Сейтжан. 

Осы орайда ол үкімет басшысынан "Өрлеу" АҚ жүзеге асыратын педагогтар мен психологтардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының тиімділігіне баға беруді сұрады. 

"Біз Қазақстанның біліктілікті арттыру бойынша дәрістік курстардан "жұмыс орнында оқыту" модельдеріне: тренингтерге, супервизияға, кейстерді талдауға, табысты тәжірибесі бар мектептерде тағылымдамадан өтуге көшуі қажет деп есептейміз. Педагог пен психологтың оқыту курстарын тыңдап қана қоймай, супервизордың басшылығымен, нақты бір оқушы үшін, оның ішінде буллинг пен суицидтік мінез-құлық қаупін ескере отырып, жеке білім беру бағытын немесе сүйемелдеу бағдарламасын әзірлеу маңызды", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары