Қазақстандық оқушылар жасанды интеллектіні ұстазынан қорыққаннан қолданбайды – зерттеу

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Оқушылардың 43,6 пайызы бұл құралдарға тек анда-санда ғана жүгінсе, әрбір оныншы оқушы (9,9%) мүлдем ізденіп көрмеген.

Мұғалімдер сабақ жоспарын құруға ЖИ-ді белсенді пайдаланса, оқушылардың көбі оны қолданудан әлі де тартынады. Оған басты себеп – мұғалімнен сөз есту немесе төмен баға алу қорқынышы. Бұл туралы "Талдау" ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы хабарлады. 

Орталық жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, зерттеуге қатысқандардың 50,9 пайызы жасанды интеллектіні тұрақты түрде – күн сайын немесе аптасына бірнеше рет пайдаланады. Алайда бұл көрсеткіш респонденттердің мәртебесіне қарай әртүрлі.

"Мектеп басшылары мен мұғалімдер жасанды интеллектіге оқушылардан қарағанда әлдеқайда жақын болып шықты. Мектеп директорларының 71 пайызы және мұғалімдердің 69,5 пайызы ЖИ-ді күнделікті жұмысында жиі қолданады. Мұғалімдердің мұндай белсенділігі түсінікті де: олар жасанды интеллектіні сабақ жоспарын әзірлеуге, оқу материалдарын дайындауға және күнделікті қордаланып қалатын қағазбастылықты жеңілдетуге ыңғайлы құрал ретінде көреді", – делінген зерттеуде.

Атап айтқанда, аптасына бірнеше рет ЖИ-ді пайдаланатындардың ең үлкен үлесі де педагогтерге тиесілі – 38,1%. Ал оқушылар арасында ЖИ-ді тұрақты қолданатындардың үлесі небәрі 46,5 пайызды құрайды. Оқушылардың 43,6 пайызы бұл құралдарға тек анда-санда ғана жүгінсе, әрбір оныншы оқушы (9,9%) мүлдем ізденіп көрмеген. Бұған басты кедергі – мектептегі тыйымдар мен жазалану қаупі. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 52,5 пайызы: "ЖИ қолданғаным үшін мұғалім байқап қалып, бағамды төмендете ме немесе ескерту жасай ма деп қорқамын" деп ашық айтқан. Тапсырманы орындауды жеңілдеткісі келсе де, теріс баға алу қорқынышы оларды тоқтатып отыр.


Оқи отырыңыз: Жасанды интеллектіні мұғалімдер мектеп басшысына қарағанда жақсырақ қолданады – зерттеу қорытындысы


Өңірлер арасындағы алшақтық

"Жасанды интеллектіні қолдану жиілігі аймақтарға да байланысты. ЖИ-ді күнделікті пайдалану жағынан Қостанай облысы (22,5%), Солтүстік Қазақстан облысы (22,1%) және Астана қаласы (21,8%) көш бастап тұр. Ал аптасына бірнеше рет қолданатындардың ең жоғары көрсеткіші де СҚО (37,1%), Қостанай (37%) және Қарағанды (35,6%) облыстарына тиесілі. Бұл ретте ең төменгі белсенділік Маңғыстау облысында (25,4%) тіркелді. Егер мектеп басшыларын бөлек алсақ, Қостанай облысындағы директорлардың 61,5 пайызы, Шымкенттің 52,4 пайызы және Алматының 45,5 пайызы ЖИ-ді күнделікті жұмысына енгізіп үлгерген", – деп жазылған зерттеуде.

Бұл деректер Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектінің сұранысқа ие екенін, бірақ оны оқу процесінде қолданудың бірыңғай әрі түсінікті ережелері әлі де жете қалыптаспағанын көрсетеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау