Үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің баяндауынша, жоспар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында:
- "Халықтық құрылыс" жалпыхалықтық құрылыс жылын жүзеге асыру;
- көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту;
- ТКШ жаңғырту;
- өнеркәсіп пен АӨК-ті қолдау;
- цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған шаралар кешені бар.
Жекелеген шаралар қатарына кәсіпкерлікті дамыту, салық және қаржы жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, жалақыны көтеру және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту кіреді. Сондай-ақ стратегиялық ресурстарды басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыру, капитал нарығын дамыту және заңнаманы жетілдіру де көзделген.
"Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталып отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруі керек", – деді Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Президент әкімшілігіне мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары өздеріне бекітілген Жоспардың жүзеге асырылуын қадағалауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Үкімет бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді
Қазақстан үкіметі іссапарларға кететін шығынды азайтуды жоспарлап отыр