Қытайда туыстары аз болып, тойы көңілсіз өтеді деп қорыққан жігіт ақыры мыңдаған бейтаныс адамның ортасында үйленді. Әлеуметтік желідегі жеке шақырудан басталған бұл қадам елдің түкпір-түкпірінен сыйлық әкеліп, ас әзірлесіп, ұйымдастыруға көмектесуге келген көпшіліктің үлкен басқосуына ұласты.
Times Entertinement басылымының хабарлауынша, Юньнань провинциясының Илян ауданынан шыққан 24 жастағы Сюй Чэнхун қытайлық Douyin қысқа видеолар платформасында ашық шақыру жариялаған. Ол адамдардың келіп, дастарқаннан дәм татып, мереке атмосферасын сезінгенін қалаған. Сондай-ақ ол өз ауылындағы шағын басқосудың қалай өтетініне алаңдаған. Сюй тойға қажетті 167 500 юаньды өзі еңбек етіп жинаған. Алайда отбасылық жағдайына байланысты қатыса алатын туыстары өте аз болды. Әкесі ол үш жаста қайтыс болған, анасы кейін басқа азаматқа тұрмысқа шыққан, ал оны тәрбиелеген әжесі де дүниеден озған. China News Service мәліметінше, үлкен ағасы екеуі негізінен бір-біріне арқа сүйеп өскен.
Тойдың қарапайым өтетінімен келіскісі келмеген Сюй интернет арқылы бейтаныс адамдарды шақыруды ұйғарды. 25 қазанда ол өз жағдайын түсіндіріп, адамдарды осы ерекше күні өзімен бірге болуға шақырған видео жариялады. Мыңдаған адам бұл шақыруға үн қатты.
Күткеннен де көп адам жауап берді. Қытайдың түкпір-түкпірінен келген адамдар тойға келетінін айтты. Бірі тағам, гүл, сыйлық пен қажетті заттарды әкелсе, басқалары ұйымдастыруға көмектесуге ниет білдірді. Free Press Journal дерегінше, бірнеше аспаз да қонақтарға тамақ әзірлеп беруді ұсынған. Келушілер той әшекейлерін жасауға, жеткізілімдерді ұйымдастыруға және өтетін орынды дайындауға көмектесті. Тіпті кейбір азамат тұтас үйлену кортежін ұйымдастырғаны, ал бір кісі жұпқа арнап Maybach көлігін ұсынғаны хабарланды.
Келгендердің саны арта түскендіктен, Сюйдің үйіне бәрі сыймай қалды. Жергілікті билік тойды кеңірек орынға көшіруге көмектесті. Global Times хабарлауынша, Луован кентіндегі қонақүйлер толығымен брондалып, жергілікті мейрамханаларға келген қонақтардың легі күрт өскен.
Оқи отырыңыз: Күйеу бала қайын жұртына сәлем сала ма? Тәжім ету дәстүрі қайдан шықты
Үйлену тойы 31 қазанда өтіп, Сюй қалыңдығы Чуйчуйге үйленді. Бұл шараға 10 000-нан астам адам қатысқаны хабарланды. Жас жұбайлар жүк алмасып, жиналғандардың алдында тағзым етті. Кейін олар Мяо ұлтының дәстүрлі киімдерін киіп, алау отын айнала билеп тойлады. Сондай-ақ Сюй қонақтардан ақшалай сыйлық бермеуді сұрады. Оның орнына ол бәріне жолда абай болып, заттарына мұқият қарауды ескертті.
Бейтаныс адамдар жұпты қолдағысы келгенін айтты. Бұл шақыру көптеген желі қолданушысының қатысу ниетін оятты. Пікір жазушылардың бірі: «Бауырым, біз жолдамыз!!» деп жазды. Бұл басқосудың ауқымы адамдардың жүрегін тебірентті. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі: «Мен таулы ауылдағы осы тойдан жанымызға сіңген терең мейірімді көрдім» деп жазды. Тағы бір комментатор бұрын-соңды көрмеген адамдардың бөгде біреудің қуанышына қалай жинала алғаны туралы ойын айтты: «Қытай халқының бірлік рухы ешқашан өзгерген емес. Біз бейтаныс болуымыз мүмкін, бірақ бір-бірімізді қолдауға әзірміз; бізді қан байланыстырмаса да, бір отбасы бола аламыз. Бір-біріне деген осы қарапайым қамқорлық рухы — күнделікті өмірдің ең үлкен қозғаушы күші».
Бұл оқиға халықаралық аудиторияға да жетті. Дегенмен бұл басқосуды барлығы бірдей жақсы қабылдаған жоқ. Global Times дерегінше, кейбір адамдар шақырудың маркетингтік қадам ретінде жоспарланғанына күмәнданса, басқалары осындай көп адамды қабылдауға байланысты орын табу, жол қозғалысы және практикалық ұйымдастыру мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Сюй бұл шақыру туралы ауылдық комитетке ескертіп, адамдарға қауіпсіздікті бірінші орынға қоюды еске салды. Кейбір желі қолданушылары вирустық оқиғалардың атақты болғысы келетін адамдарды тартуы мүмкін деп есептеді. Комментаторлардың бірі: «Иә, бұл мүмкін бе? Егер интернет «біріксе». Бірақ онда толқынға ілесіп, танымал болу үшін келетін адамдар да табылады» деді. Оқиғаға қатысты туындаған сұрақтарға қарамастан, бұл той бұрын-соңды көрмеген жұбын құттықтау үшін алыс-жақыннан келген мыңдаған адамның басын қосқан үлкен мерекеге айналды.