"Әкімдік жер сатты, сот шектеу қойды". Сарыкемер тұрғындары әділдік іздеп жүр

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Жерді бөлу туралы шешім заңсыз болған.

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында тұрғындар бірнеше жыл бұрын әкімдіктен сатып алған жер телімдері мен сол жерге салған үйлеріне сот шектеу қойған. Жұрттың айтуынша, жерді заңды құжаттармен рәсімдеп, баспана тұрғызған. Алайда үш жылдан кейін жер телімдерін сату туралы әкімдік шешімі заңсыз деп танылып, тұрғындар баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Бұл туралы телеарна сюжетінде айтылды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар жерді әкімдіктен құжатпен сатып алған

Сарыкемер ауылының бір топ тұрғыны Жамбыл облысы әкімдігіне барып, мәселені шешуге көмектесуді сұраған. Олардың айтуынша, жер телімдерін сатып алғанда барлық қажетті құжатты рәсімдеген. Кейін үйлерін салып, тіркеген, көшелеріне инфрақұрылым да тартылған. Алайда сот шешімінен кейін жер учаскелері мен баспаналарына шектеу қойылған.

Ауыл тұрғыны Әлия Баймұханбетова жерді заңды деп сеніп сатып алғанын айтады. Оның сөзінше, егер жерді сатуға рұқсат болмаса, әкімдік оны бастапқыда саудаға шығармауы керек еді.

"Бәрі құжатпен дұрыс алған кезде. Не үшін онда сатты? Дұрыс емес болса, не үшін арестке қойып тастады? Рұқсат жоқ болса, алдын ала тоқтату керек еді. Сатқызбау керек еді", – дейді ол.

Тағы бір тұрғын Жәнібек Ұзақбаевтың айтуынша, жер телімін сатып алғанда қолдарында мемлекеттік акт, сатып алу-сату шарты, ауыл әкімінің шешімі, жер қатынастары бөлімінің және сәулет басқармасының рұқсаттары болған. Үйді пайдалануға қабылдау актісі де рәсімделген.

"Біз заңды ресми мемлекеттік құжаттары болғаннан кейін сатып алдық. Бала-шағамызбен қайда барамыз?", – дейді тұрғын.

Жерді бөлу туралы шешім заңсыз болған

Сарыкемер ауылында жалпы аумағы 30 гектар жер телімдері 8 сотықтан бөлініп, сатылымға шығарылған. Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті жерді бастапқыда нысаналы мақсатына сай пайдалануға қатысты заң талаптары бұзылғанын анықтаған.

Департамент басшысы Арсен Бақбергеннің айтуынша, жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген. Соның салдарынан учаскелер бөлшектеніп, сатылымға шығарылған.

"Жер заңнамаларының нормасы бұзылған. Яғни жер бастапқыда нысаналы мақсаты заңсыз ауысқан. Заңсыз ауысу салдарынан жер учаскесі бөлшектеніп, сатылымға шыққан. Бұл жерде біздің талап-арызда да көрсеткен басты мәселеміз – заңсыз шыққан шешімнің күшін жою", – деді ол.

Ал Байзақ ауданының қазіргі басшылығы бұл әрекетке өздеріне дейінгі әкімнің қатысы бар екенін айтқан. Жер ресурстарын басқару департаментімен соттасқан әкімдік істен жеңілген жағдайда, тұрғындар апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау