Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған әйелдің қазіргі жұмысы туралы мәлімет берді Қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайрат түрмеде еден жуушы болып жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірге бостандыққа шықпаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Комитет сотталған әйелдің жұмысы туралы мәлімет берді
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Перизат Қайраттың сот шешіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқанын растады. Қазір ол мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді.
Ведомство сотталған әйелдің жалақысы мен жұмыс кестесіне қатысты ақпаратты жарияламады. Сондай-ақ сотталғандардың қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы мәлімет олардың жақын туыстарына хабарланатынын атап өтті.
Перизат Қайрат пен анасы не үшін сотталды?
Еске салайық, Перизат Қайрат 2024 жылы Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін қаражат жинаған кезде көпшілікке танылды. Алайда кейін жиналған миллиардтаған теңгенің бір бөлігі мұқтаж жандарға жетпегені анықталды. Тергеу мен сот материалдарына сәйкес, қордың ақшасы қымбат мүлікке, бағалы бұйымдарға және танымал брендтердің тауарларына жұмсалған. Сот Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваны кінәлі деп танып, бірін 10 жылға, екіншісін 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұдан бөлек, сот олардың мүлкін тәркілеу және жәбірленушілерге бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарды.