Түркияның Аланья қаласында ұйымдастырылған "Golden Stars Alanya" II халықаралық байқауында "Әлқисса" домбыра студиясының шәкірттері аспапта орындау жанры бойынша бас жүлдеге қол жеткізді.
Халықаралық байқауда жас ерекшеліктеріне қарай өнер көрсеткен домбырашылар "Домбыра", "Келіншек", "Ерке сылқым" және "Секіртпе" күйлерін орындап, ұлттық өнеріміздің бай мұрасын паш етті. Шебер орындауымен қазылар алқасы мен көрермендердің ықыласына бөленген қазақстандық өнерпаздар өзге қатысушылар арасынан оза шауып, ең жоғары марапатқа лайық деп танылды.
Айта кетейік, байқауға Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия және басқа да мемлекеттердің өнерпаздары қатысты. Халықаралық шығармашылық бәсекеде Бас жүлдені иелену – "Әлқисса" студиясы үшін ғана емес, қазақтың дәстүрлі күй өнері үшін де зор мәртебе.
Жас домбырашылардың жетістігінің артында білікті ұстаздардың еңбегі жатыр. Студияда шәкірттерге Нұрғиса Тілендиевтің тікелей шәкірті Қанатбек Сәден, "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісінің иегері Ғалиябану Ерболған, сондай-ақ кәсіби мамандар Рамазан Алиханов пен Айдана Сайрам дәріс береді. Ұстаздар балаларға домбыра тартуды үйретумен қатар, ұлттық өнерге деген құрметін қалыптастырып, қазақ күйін шетелдік сахналарда танытуға баулып келеді.
"Әлқисса" домбыра студиясы бұған дейін де халықаралық сахнада қазақ өнерін дәріптеген. 2026 жылдың наурыз айында студия шәкірттері Америка Құрама Штаттарында болып, Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Times Square алаңы маңында домбырамен күй шертіп, шетелдік көрермендердің назарын аударған еді.
Ең жас композитор: 11 жастағы домбырашының "Ел-аман" күйі қалай туды
Шаңырақ, домбыра, қызғалдақ. Қазақстанда жалпыұлттық нышандардың тізімі жасалды