Қызылордада бірнеше күн бұрын жоғалған 65 жастағы ер адам әлі табылмай жатыр

Видео скрині
Видео скрині
Бейнекамераға түссе де, табылмай жатыр7

Қызылорда қаласында алты күн бұрын үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған 65 жастағы Ғани Көшербаевты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қарияның жалғыз жүрген сәті бірнеше бейнебақылау камерасына түссе де, оны әлі табу мүмкін болмаған. Туыстары полицияның іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, көмек сұрайды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қарияның жүрген бағыты бейнекамераларға түсіп қалған

Ғани Көшербаев күндіз үйінен шығып кеткен. Бірнеше сағат бойы оралмаған соң, туыстары полицияға хабар беріп, өздері де қаланы аралап іздеуге кіріскен. Кейін қарияның сол күні көшеде жалғыз жүрген сәті бірнеше бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны анықталған.

Жазбалардың бірінде оның өзі тұратын көшеде жүргені байқалса, екіншісінде үйінен шамамен 4-5 шақырым қашықтыққа ұзап кеткені көрінеді. Туыстары қарияның жүрген бағыты мен уақытын анықтауға мүмкіндік болса да, іздеу жұмыстарының нәтижесіз қалып отырғанына алаңдаулы.

Ғани Көшербаевтың бауыры Сәбит Көшербаев полиция қызметкерлерінің әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізді.

"Камерада көрініп тұрған адамды табуға болады ғой қалай болғанда да. Қаланың ортасында жүр. Іздеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанына көңілім толмайды. Бір күнде бір ғана мәлімет беріледі. Жұмыс істеліп жатыр, бірақ нәтиже жоқ", – дейді ол.

Туыстары полицияның әрекетіне наразы

Туыстарының айтуынша, Ғани Көшербаев психиатриялық диспансерде есепте тұрады. Ол мүгедектігіне қарамастан, өз мекенжайын жақсы біледі және бұған дейін өздігінен үйден шығып кетпеген. Қария інісінің үйінде тұрған.

Сәбит Көшербаев ағасының қай жерде тұратынын, мекенжайын толық білетінін айтады. Тіпті ауруханада жатқан кезінде де үйіне қайтқысы келетінін үнемі айтып жүрген.

"Больницада жатқанда дәрігерлер күлетін. "Менің көшем Ермақашевта, мен үйіме барам" деп айтады. Ермақашев көшесінде тұратынын біледі. Енді кешегі суықтан есеңгіреп, сөйлей алмай қалмаса, бәрін біледі", – дейді бауыры.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің өкілдері Ғани Көшербаевты іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Туыстарының мәліметінше, үйінен шыққан кезде 65 жастағы ер адамның үстінде қара-көк түсті жемпір, көк түсті шалбар, аяғында жеңіл сүйретпе болған. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау