Астанада "Мерейлі отбасы – 2026" ұлттық байқауының жеңімпазы атанған 20 отбасы марапатталды

"Мерейлі отбасы – 2026" ұлттық байқауының жеңімпаздары. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
"Мерейлі отбасы – 2026" ұлттық байқауының жеңімпаздары. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Үздік әр отбасы 2 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Астанада "Мерейлі отбасы – 2026" ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. 

Байқауда еліміздің әр өңірінен адал еңбегімен және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен көпке үлгі болған 20 отбасы жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарды мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, өз сөзінде отбасының рухани құндылықтарды сақтаудағы және ел келешегін қалыптастырудағы айрықша орын алатынына тоқталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адами әлеуетті арттырудың және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі де осындай тәрбиеден қаланады. Бүгін біз осы құндылықтарды өнегелі өмірімен танытып жүрген отбасыларға құрмет көрсетіп отырмыз. Әр шаңырақтың өмірден түйген тағылымы, берік ұстанған дәстүрі мен көпке үлгі болар игі істері бар. Сіздердің еңбектеріңіз бен игі істеріңіз арқылы жас ұрпақ отбасының қадірін, сыйластықтың мәнін, елге қызмет етудің маңызын түсінеді. Сондықтан осындай әулеттердің өмір жолы көпшілікке кеңінен таныстырылуы тиіс", – деді Арман Қырықбаев.

Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында адам капиталын дамытуға және саналы ұрпақ тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы бала тәрбиесі мен оның өмірлік ұстанымын қалыптастыруға отбасы, мектеп, ұстаз және оқушының өзі бірдей жауапкершілікпен қарау керектігін айтты. Осы тұрғыдан отбасы институтын нығайту, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бүкіл қоғам үшін маңызды.

"Мерейлі отбасы" байқауы ата дәстүрді сақтап, ұрпаққа өнегелі тәрбие берген отбасыларды көпшілікке үлгі етуді мақсат етеді. Жеңімпаздар қатарында көпбалалы және бала асырап алған отбасылар, еңбек пен өнер жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғаған әулеттер бар. Қоғамдық өмірге белсене араласып, туған өңірінің дамуына үлес қосып жүрген отбасылар да марапатталды. 

Жеңімпаз атанған 20 отбасының әрқайсына естелік мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұлттық байқау адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға, өнегелі отбасылардың тәжірибесін дәріптеуге және отбасындағы дәстүрлерге құрметпен қарауға бағытталған.

Байқау басталғалы оған еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау