Қазақстанда әлеуметтік желіде өзге адамды балағаттап, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін пікір жазған азамат заң алдында жауап беруі мүмкін. Мәселен, "бейшара, білімсіз, ақымақ" деген сөздер арқылы адамға жала жабылғаны дәлелденсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Әріптесіміз Абай Нұржанұлы мамандардан әлеуметтік желідегі пікірлер үшін қандай жаза көзделгенін білді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Әлеуметтік желідегі балағат сөз үшін қандай жаза бар?
Қазір әлеуметтік желілерде өзге адамды балағаттап қана қоймай, оған дәлелсіз айып тағып, жеке басына тиісетін пікірлер жиі кездеседі. Полиция өкілдерінің айтуынша, желіде қоғамдық тәртіпті бұзатын бейәдеп сөздер жазу ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Мұндай құқық бұзушылық үшін 86 500 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Құқық бұзушылық қайталанса, жаза мерзімі де ұлғаяды. Ал нақты бір адамды кемсітетін пікірлер оның арызы негізінде қаралады.
Қызылорда облыстық полиция департаменті басқармасының басшысы Ердәулет Жаукеевтің айтуынша, мұндай шағымдар бойынша арнайы сараптама тағайындалып, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіргені және жала жабу белгілері анықталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
"Осы шағымдар бойынша Әкімшілік кодекстің 73-бабының 3-бөлігі бар, яғни жала жабуға байланысты. Біреуді кемсітіп, қадір-қасиетіне тиіп, неше түрлі жала жабылатын болса, арнайы сараптама тағайындау арқылы осы мәселемен біз әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Бұл жерде 20 тәулікке дейін қамаққа алу көзделгенін ескерткіміз келеді", – деді ол.
Адамның ар-намысына тиетін пікір үшін қылмыстық жауапкершілік те бар
Әлеуметтік желіде адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер жазғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін. Материалда айтылғандай, "қорлау" бабы бойынша 865 мың теңгеге дейін айыппұл салу көзделген.
Полиция өкілдері мұндай шаралар азаматтардың сын айтуына немесе өз пікірін білдіруіне шектеу қоюды мақсат етпейтінін айтады. Дегенмен әлеуметтік желіде жарияланған әр сөздің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін ескерткен жөн.