Артық салмақ есте сақтау мен ойлау қабілетінің тезірек төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Джорджия университетінің ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері Journal of Neurology ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеушілер 50 жастан асқан 8200-ден астам адамның 24 жыл бойы жиналған деректерін талдаған. Нәтижесінде дене салмағы индексі (ДСИ) жоғары адамдардың есте сақтау қабілеті, жалпы когнитивтік көрсеткіштері және атқарушы функциялары жылдамырақ төмендейтіні анықталды.
Ғалымдардың мәліметінше, ДСИ-дің әрбір бір бірлікке артуы когнитивтік қабілеттердің төмендеу қарқынымен байланысты. Бұл әсер әсіресе 65 жастан асқан адамдарда айқын байқалған. Зерттеу авторлары дене салмағын бақылау когнитивтік қабілеттердің нашарлауын баяулатуы мүмкін екенін айтады. Мұндай оң өзгерістер екі жылдың ішінде байқалуы ықтимал.
Артық салмақ ағзадағы қабынуды күшейтіп, қан айналымын нашарлатуы және инсулинге төзімділікті арттыруы мүмкін. Бұл үдерістер когнитивтік бұзылыстар, Альцгеймер ауруы және деменция қаупімен байланысты.
Зерттеу жетекшісі, Джорджия университетінің доценті Суһан Сонгтың айтуынша, дене салмағын бақылау когнитивтік қабілеттердің төмендеу қарқынын азайтуға көмектеседі.
Сонымен бірге ғалымдар зерттеу артық салмақтың когнитивтік қабілеттердің төмендеуіне тікелей себеп болатынын дәлелдемейтінін атап өтті. Дегенмен дене салмағы мидың саулығына әсер етуі мүмкін факторлардың бірі саналады.
Өрмекшілер де түс көре ме? Ғалымдар ұйқының ерекше белгісін анықтады
Ғалымдар құстардың ерлерге қарағанда әйелдерден көбірек қорқатынын анықтады