Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың бейнесін жасанды интеллект көмегімен қозғалысқа келтіруге қатысты түсініктеме берді. Мүфтият мұндай әрекеттің шариғатқа сәйкестігі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына байланысты екенін мәлімдеді.
Қазіргі жасанды интеллект технологиялары суреттерді өзгертуге, адамның бейнесін қозғалысқа келтіруге және дауысын имитациялауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ҚМДБ марқұмдардың суреттерін цифрлық технология арқылы жандандыру мәселесіне қатысты ұстанымын жариялады. Басқарма өкілдері ислам фиқһының негізгі қағидаларының біріне сүйене отырып, мұндай әрекетке баға беру үшін алдымен оның мәні мен мақсатын анықтау қажет екенін айтты.
"Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша: "Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты" деп белгіленген. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады", – деді басқармада.
Мүфтияттың мәлімдеуінше, егер марқұмның бейнесі оны сағынып еске алу, көңіл жұбату немесе жақсы естеліктерді жаңғырту мақсатында жандандырылса, технологияны қолдануға рұқсат етіледі. Бұл шариғатқа қайшы емес.
Алайда басқарма мұндай технологияны қолданудың кейбір түрлеріне тыйым салынатынын ескертті. Атап айтқанда, марқұмның бейнесін жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткен шаққа байланып қалуына, қайғысын қайта күшейтуіне немесе өлім туралы Алланың белгілеген тағдырына қарсылық сезімін тудыруына себеп болса, мұндай әрекетке жол берілмейді.
"Бұл адамның өзіне және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар марқұмға көзі тірісінде айтпаған сөздерді айтқызып, оның атынан жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынады.
Мүфтият технология арқылы өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамада пайдаланып, өнімді шынайы емес түрде насихаттауды да құптамайды. Басқарма мұндай әрекет адамдарды алдауға және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкелетінін атап өтті.