Қазмұнайгаздың еншілес ұйымы "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС Вьетнамның Sun PhuQuoc Airways компаниясымен Қазақстан әуежайларында ұшаққа жанармай құю бойынша шарт жасасты. Бұл екі ел арасындағы жаңа тікелей әуе бағыттарын қамтиды, делінген Қазмұнайгаздың Telegram арнасында.
Еске салайық, 25 қазанда аталған әуе компаниясы Алматы – Фукуок бағытын іске қосты. Рейстер 26 желтоқсанға дейін Airbus A321 ұшағымен аптасына үш рет қатынайды, одан кейін олардың жиілігі аптасына бес ретке дейін артады.
Ал биылғы 26 желтоқсаннан бастап Астана – Фукуок тікелей рейсі ашылады деп жоспарланған. Бұл бағытта аптасына төрт рет Airbus A330 әуе кемесі ұшатын болады.
"Аталған жұмыс Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік логистикалық әлеуетін арттыру және елімізді Еуразиядағы жетекші авиациялық хаб ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде. ҚМГ-Аэро отандық әуежайларда ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету және елімізде халықаралық әуе қатынасын дамытуға ықпал ету арқылы әлемнің жетекші әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді", – делінген Қазмұнайгаздың хабарламасында.
Алматы мен Астанадан Фукуок аралына тікелей әуе рейстері ашылады
Алматыдан Фукуок аралына тікелей туристік рейс ашылды. Ендігі кезек – Астана