Қазақстанда көлік бағасы тағы арзандай ма? Министр мен сарапшылар пікірі екіге бөлінді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда жаңа көліктер арзандауы мүмкін.

Қазақстанда жыл соңына қарай жаңа көліктердің бағасы тағы төмендеуі мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автосалондар қараша-желтоқсан айларында жеңілдіктер мен түрлі акциялар ұсынады. Алайда автосарапшылар көлік бағасы ең төменгі шегіне жеткен болуы мүмкін деп есептейді. Енді автомобильдер арзандаудың орнына қымбаттауы да ықтимал, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қытай көліктерінің бағасы екі жылда 30–40 пайызға түскен

Бірнеше жыл бұрын Қазақстан нарығына шыққан қытайлық автомобильдерге сұраныс жоғары болды. Алайда бастапқыда 18–20 миллион теңгеге сатылған кейбір модельдердің бағасы кейінгі екі жылда 30–40 пайызға арзандаған. Сарапшылардың сөзінше, мұндай өзгеріс көлікті жоғары пайызбен несиеге алған азаматтарға тиімсіз болған.

Министрлік өкілдері де соңғы бір жылда отандық автомобильдердің бағасы шамамен 11 пайызға төмендегенін айтады. Бұл өзгерісті көлік сатып алуды жоспарлаған тұрғындар да байқап отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың пікірінше, жыл соңында автосалондардағы жеңілдіктер есебінен баға тағы төмендеуі мүмкін. Оның айтуынша, сатып алушылардың бір бөлігі 2027 жылғы модельдерді күтуі ықтимал. Сондықтан дилерлер биылғы көліктерді тиімді шарттармен ұсынуға мүдделі болады.

Министр бағаның өсуін күтпейтінін айтып, керісінше арзандау үрдісі жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.

"Бағалар өспейді. Керісінше, түседі. Жыл соңына жақындаған сайын биыл шығарылған модельдерге сұраныс өзгереді. Халық 2027 жылғы көліктерді алуға ұмтылады. Қазір қараша мен желтоқсан жақындап қалды, жеңілдіктер болатыны түсінікті. Меніңше, бағалар әлі де төмендейді", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сарапшылар көлік бағасы қайта қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармайды

Ал автосарапшы Санат Нұрбайдың болжамы министрдің пікірімен сәйкес келмейді. Оның айтуынша, автомобильдер тағы арзандауы мүмкін болғанымен, бағаның бұрынғыдай бірнеше миллион теңгеге бірден төмендеуі екіталай. Керісінше, кейбір модельдер қымбаттауы да мүмкін.

"Бұдан кейін тағы да арзандайды дегенге мен, әрине, сене қоймаймын. Арзандауы да мүмкін. Бірақ енді миллиондап, екі миллиондап, бес миллиондап түспеуі мүмкін. 500 мың мен бір миллион теңгенің арасында өзгерістер болуы ықтимал. Қымбаттап кетуі де мүмкін", – дейді Санат Нұрбай.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда автомобиль өндірісі кезең-кезеңімен ұлғайып келеді. Былтыр елде 171 мың автомобиль шығарылса, биыл бұл көрсеткіш 191 мыңға жеткен. Алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Себебі отандық автозауыттар әзірге толық қуатында жұмыс істемейді. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау