Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" қоры мен оның еншілес компанияларының басшылығын кейбір инвестициялық жобалардың уақытында іске қосылмауына байланысты сынға алды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселе акционерлік қоғамның тоғыз айдағы жұмыс қорытындысына арналған директорлар кеңесінің отырысында көтерілді. Басқарма төрағасы Нұрлан Жақұповтың айтуынша, есепті кезеңде қордың кірісі 13 пайызға, ал таза пайдасы 19 пайызға өскен. Осылайша, компания негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспарды орындаған.
Соған қарамастан, Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылмауын сынға алып, қор мен еншілес ұйымдарға олардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жобалар аясында сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі отандық қамту үлесін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды міндеттеді.
Премьер-министр Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерация қуаттарын уақытында іске қосуды, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарының құрылысын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қазір қор жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіне, мұнай-газ химиясына және дәстүрлі энергетика саласына бағытталған. Бұдан бөлек, газ тасымалдау және энергетикалық инфрақұрылым, көлік пен коммуникация салаларындағы жобалар қамтылған.
44 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, қалғандары іске асырудың әртүрлі кезеңінде.
2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында бірқатар ірі медициналық нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет салаларындағы жобалар жүзеге асырылмақ.
Бектенов "Таза үй – Таза Ел" экожобасына ұлттық мәртебе беруге қатысты жауап берді
Бектенов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу туралы жауап берді