Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласында қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесінің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан "Инженер" аялдамасына дейін жүріп өтіп, жаңартылған көлік инфрақұрылымының жағдайын көрді.
Ақорданың мәліметінше, сапар барысында президент атқарылған жұмыстың сапасы мен трамвай жүйесінің пайдалануға дайындығына назар аударған.
Qarmet компаниясы трамвай қатынасын екі жыл бұрын қала тұрғындарының игілігіне берген. Содан бері бұл қоғамдық көлік 1 миллионнан аса жолаушы тасымалдаған. Қалада трамвайға арналған 30 шақырым рельс қалпына келтіріліп, ауыстырылған. Сонымен қатар сегіз жаңа заманауи вагон сатып алынған. Бұл трамвайлардың кестеге сай тұрақты жүруіне мүмкіндік берген.
Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін электронды төлем жүйесі орнатылған. Ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері трамваймен тегін жүреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Qarmet" АҚ басшылығымен әңгімелесу кезінде қала үшін трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, трамвай Теміртаудың тарихы мен бүгінін байланыстыратын көлік түрі.
"Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы", – деді президент.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілгенін де атап өтті. Оның сөзінше, айналадағы оң өзгерістер халықтың көңіл күйіне әсер етіп, еңбек ұжымындағы жағдайды да жақсартқан.
"Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.