Бас прокуратураның баспасөз қызметі Каспий теңізінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты кімдер сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.
Олар:
- Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы;
- оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары;
- екі әскери бөлімнің командирлері;
- теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері;
- катер капитаны.
"Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеудіжалғастырып жатыр. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауапалынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", – делінген ресми хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды. Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқталып, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру юасталады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде ауа райының нашарлап, желдің күшеюіне байланысты теңізге 17 әскери қызметші ағып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Осы оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Олар Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша тергеліп жатыр. 25 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлғаның ұсталғаны хабарланды. Ал 6 қазанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды.
26 қыркүйекте президент Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрді тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл қызметке Айдос Мырзахметов тағайындалды. 28 қыркүйекте ол Қазақстан Қарулы күштерін реформалаудың негізгі міндеттерін жариялады.
Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды
Каспийдегі қайғылы оқиға: Сарбаздардың бірі жағаға өзі жүзіп жетіп аман қалды