Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мыңға жетті. Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемі артып келеді. Биыл 20,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Алайда баспанаға мұқтаж азаматтардың саны да көбейіп отыр.
Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, "Отбасы банк" тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін тұрақты түрде тексеріп, жаңартып отырады. Соған қарамастан, қазіргі уақытта кезекте 870 мың адам бар.
"Өкінішке қарай, біз бәрін баспанамен қамтамасыз ететіндей көлемде тұрғын үй салып жатқан жоқпыз, – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін "Отбасы банк" арқылы бірнеше жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қарастырылғанын еске салды. Ал әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 335 мың теңгеден аспайды. Мұндай баспананы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар сатып ала алады.