Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің төлемдерін қабылдап, ақшаны криптовалюта арқылы аударумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Топ мүшелері 918 мың USDT-ден астам қаражатты есірткі саудасын басқаратын адамдардың криптоәмияндарына аударған. Бұл – 400 миллион теңгеден астам ақша.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде ақша айырбастауға арналған топ ашып, оған жеті танысын тартқан. Олар міндеттерін өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша, тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударып отырған. Есірткі сататын интернет-дүкен операторлары тапсырыс ақысын төлеу үшін клиенттерді осы топқа бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың мекенжайы жіберілген.
ҚМА мәліметінше, топ күніне 50-70 төлем қабылдаған. Ол үшін дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған. Түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, есірткі саудасын басқаратын адамдардың криптоәмияндарына аударып отырған.
"Ақша айырбастаумен айналысқан топ күніне 50-70 аралығында төлем қабылдап отырған. Олар осы мақсатта дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған. Ары қарай түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, есірткі саудасын басқаратын адамдардың криптоәмияндарына аударып отырған. Оның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Ал бұл – 400 млн теңгеден астам ақша", – делінген ҚМА хабарламасында.
Қылмыстық топты ұйымдастырған адам қамауға алынды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтерді жариялаған жоқ.