Әлеуметтік желіде семейлік екі асабаның Абай облысының әкімі Берік Уәлиді мақтап түсірген видеосы тарап, бұл желі қолданушылар арасында түрлі пікір тудырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым түсініктеме берді.
Оның айтуынша, 25 қараша күні кешкі уақытта Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде аталған бейнежазба жарияланғаны анықталды. Оны көрген бойда бейнежазбаны әлеуметтік желілерден дереу өшіру жөнінде талап қойылды. Нәтижесінде авторлардың парақшаларынан видео алынып тасталды. Алайда сол аралықта бейнежазбаның көшірмелері жасалып, WhatsApp мессенджері мен өзге де ақпараттық арналар арқылы таралып үлгерген.
"Осы ретте бір маңызды жайтты нақтылап өткіміз келеді. Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ", – деп жазды Азамат Қасым.
Ол, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, өңірлік мекемелер мен ресми тұлғалардың атын немесе беделін қандай да бір жеке бастамалармен байланыстыруға қатысты мәселеде ақпараттың анықтығы мен шынайылығы сақталуы қажет екенін атап өтті.
Алматыда Абай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді
Бектенов Абай облысы әкімінің орынбасарын жазаға тартуды тапсырды