Алаяқтар адамның аты-жөнін, ЖСН-ін, мекенжайын және тіпті соңғы сатып алған заттарын білуі мүмкін. Бірақ бұл банк шотыңызды пайдалана алады деген сөз емес. Fingramota.kz жеке деректердің бөтен адамның қолына қалай түсуі мүмкін екенін және одан қалай қорғану керегін түсіндірді.
Алаяқтар жеке мәліметтерді әртүрлі жолмен алады. Мысалы, адам тауар сатып алғанда, қонақүй немесе туристік жолдама брондағанда берген ақпараты компанияның деректер базасынан тарап кетуі мүмкін. Мұндай жағдай интернет-дүкендерде, медициналық ұйымдарда және жеткізу қызметтерінде де кездеседі.
Сондықтан телефон шалған адам аты-жөніңізді немесе ЖСН-іңізді дұрыс айтса, оған бірден сенуге болмайды. Бұл оның банк немесе мемлекеттік орган қызметкері екеніне дәлел емес.
Деректердің тарап кеткенін қалай тексеруге болады?
Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасындағы Nomad Guard сервисі арқылы белгілі деректердің таралуын тексере алады. Ол үшін:
- eGov Mobile қосымшасына кіріңіз.
- "Заң және тәртіп" бөлімінен Nomad Guard сервисін таңдаңыз.
- Қажетті тексеруді іске қосыңыз.
Алайда сервис тарап кеткен барлық деректі бірей анықтай алмайды. Сондықтан тексеру кезінде ешқандай қауіп табылмаса да, сақтық шараларын ұмытпаған жөн.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Деректеріңізді біреу пайдалануға тырысып жатқанын мына белгілерден білуге болады:
- өзіңіз сұратпаған SMS-кодтар келе бастаса;
- жеке кабинетке бөтен құрылғыдан кіргені туралы хабарлама түссе;
- құпиясөзді ауыстыруға қатысты күтпеген хабарламалар келсе;
- банк қосымшасында өзіңіз жасамаған операциялар байқалса;
- бейтаныс адам жұмысыңыз, мекенжайыңыз немесе сатып алған заттарыңыз туралы егжей-тегжейлі ақпарат айтса.
- Мұндай жағдайлар деректеріңізді біреу пайдаланып көруге тырысып жатқанын білдіруі мүмкін.
Алаяқтар қандай тәсілдерді жиі қолданады?
Алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырады. Олар шотыңызға қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаңызды "қауіпсіз шотқа" аударуды немесе несие рәсімдеуді ұсынуы мүмкін.
Курьерлік қызмет атынан хабарласып, сәлемдемені алу үшін SMS-код сұратуы мүмкін. Кейін басқа адам қоңырау шалып, жеке деректеріңіз тарап кеткенін айтып, ақшаңызды қорғауды ұсынады. Шын мәнінде, бұл адамдар бір алаяқтық топтың мүшелері болуы мүмкін.
Сондай-ақ WhatsApp немесе Telegram арқылы танысыңыздың атынан ақша сұрап жазуы ықтимал. Мұндайда танысыңызға хабарласып, жағдайды нақтылап алыңыз.
Деректеріңіз алаяқтардың қолына түссе, не істеу керек?
Қоңырау шалған адамның алаяқ екеніне күмәндансаңыз, онда тұтқаны қойып, жеке деректеріңізді қорғау амалдарын жасаңыз. Бейтаныс адамға SMS-кодты, банк картасының деректерін, құпиясөзді айтпаңыз. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырса, банкке ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
Бұдан бөлек:
- банк қосымшасындағы операциялар мен қосылған құрылғыларды тексеріңіз;
- қажет болса құпиясөздерді ауыстырып, екі факторлы қорғауды қосыңыз;
- кредиттік тарихыңызды қарап шығыңыз;
- eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасындағы "Стоп-кредит" қызметіне кіріп, атыңыздан кредит рәсімдеуге шектеу қойыңыз;
- банк деректерін немесе SMS-кодты айтып қойсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны қолдануға не қосымшаға кіруге рұқсат беруге тыйым салыңыз, яғни бұғаттаңыз;
- ақша жоғалса немесе алаяққа алданып қалсаңыз полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
Банк пен мемлекеттік орган қызметкерлері ақшаңызды қорғау үшін оны басқа шотқа аударуды, кредит рәсімдеуді немесе SMS-кодты айтуды сұрамайды. Қоңырау шалушы сіз туралы қанша мәлімет білсе де, оның сөзіне бірден сенбеңіз.
Қазақстандықтарға мемлекеттік орган қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар хабарласып жүр
Қазақстанда дипфейк арқылы жасалатын интернет-алаяқтық көбейген: ІІМ ескерту жасады