Жамбыл облысында актриса әрі продюсер Дариға Бадықованы ерекше құрметпен қарсы алған төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сынға ұшырады. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.
"Соңыра" фильмінің Instagram парақшасында шығармашылық топты Жамбыл облысының төтенше жағдай қызметкерлерінің салтанатты түрде қарсы алғаны көрсетілген. Видеода қызметтік киімдегі мамандар мен арнайы техниканы көруге болады. Көрініс көпшіліктің сынына себеп болды. Желі қолданушылары продюсерді мемлекеттік маңызды тұлғадай қарсы алуға не себеп болғанын сұрады.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл шараның өкілдік және ұйымдастырушылық сипатта болғанын мәлімдеді.
"Аталған іс-шараның өткізілуі тек өкілдік және ұйымдастырушылық сипатқа ие болды. Оның негізгі мақсаты – құтқарушылар қызметін кеңінен насихаттау және олардың қоғамдағы беделін арттыру. Қызметкерлердің іс-шараға қатысуы бөлімшелердің жедел әзірлігіне ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Жеке құрам мен арнайы техника негізгі қызметтік міндеттерді орындаудан алаңдатылған жоқ", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ажырасу – тренд пе, шешім бе? Дариға Бадықова мен Тұрсынбек Қабатов кейсі нені көрсетті