Тойда келінді төрге отырғызу дұрыс па? Қоғам қайраткері қазақ тойын "реформалауды" ұсынды

Той рәсімі. Фото: ЖИ жасап берді
Той рәсімі. Фото: ЖИ жасап берді
Мұрат Қазамбаев кейбір асабалардың жұртты күлдіремін деп арзан даңғазаға бой алдырып, салт-дәстүрдің мәнін жоғалтып жүргеніне қынжылыс білдірді.

Қазақтың тойы – ғасырлар бойы тәлім мен тәрбиенің, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің алтын ордасы болып келді. Алайда соңғы уақытта қуанышымыздың басты мәні даңғаза шоу мен орынсыз әзілдің көлеңкесінде қалып бара жатқандай. Қоғам қайраткері Мұрат Қазамбаев бүгінгі той мәдениетінің әлсіреп бара жатқанын айтып, ұлттық тәрбиеге қайта оралу керектігін алға тартты.

"Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі тойымыздың мазмұны мен құндылығының төмендеуі. Қазақ халқы ежелден той-томалақты елдің басын қосатын, ағайынның арасын жақындастыратын салт-дәстүр мен жөн-жоралғыны ұрпаққа дәріптейтін тағылымды басқосу деп бағалаған. Той – тек көңіл көтеретін орын емес, ол – тәрбиенің, әдептің, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің көрінісі", – деді Мұрат Қазамбаев.

Кез келген қуанышты кеште көтеріңкі көңіл күй мен әзілдің болуы – заңды құбылыс. Бірақ ойын-сауықтың шегінен шығып, ғасырлар бойы қалыптасқан сыйластыққа сызат түсіруі көпшілікті ойландырмай қоймайды. Қоғам қайраткері кейбір асабалардың жұртты күлдіремін деп арзан даңғазаға бой алдырып, салт-дәстүрдің мәнін жоғалтып жүргеніне қынжылыс білдірді.

"Алайда соңғы жылдары кейбір тойларда даңғазалық пен дарақылықтың, орынсыз әзіл мен әдепсіз қылықтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Тойды қызықты өткіземіз, халықты күлдіреміз деп, кейбір асабалардың ұлттық салт-дәстүріміздің мәнін жоғалтып, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластыққа сызат түсіріп жүргені рас. Бұндай жағдайда ұлттық дәстүрдің қадірін кетіріп жүрген асабалардың әрекеті көпшілікті ойландырмай қоймайтыны анық", – деді қоғам қайраткері.


Оқи отырыңыз: Дарвин заманында дүниеге келген тасбақа 194 жасқа жетті. Ғалымдар оның ұзақ жасау құпиясын анықтады


Халқымыздың дәстүрінде үлкен мен кішінің өз орны мен сақталуы тиіс әдеп шекарасы бар. Соның ішінде жаңа түскен келіннің сәлем салуы – үлкендерге деген құрмет пен ізеттің айқын белгісі. Сонымен қатар Мұрат Қазамбаев бұл рәсім кезінде ақсақалдар мен аналардың орындарынан тұрып қарсы алуы дәстүрдің тәрбиелік мәнін бұрмалайтынын ескертті.

"Мәселен, келін келеді деп ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарын орындарынан тұрғызу қандай жөн-жоралғыға жатады? Келіннің үлкендерге сәлем салуы – қазақтың ежелден келе жатқан ізеттілік дәстүрі. Ал үлкендердің келінге орнынан тұрып қарсы алуы, бір жағынан, сәлем салу рәсімінің мәнін бұрмалап, екінші жағынан, үлкеннің мәртебесін төмендету емес пе? Келін үлкенге иіліп сәлем береді, ал үлкен бата беріп, ақ тілегін арнайды. Дұрысы солай. Дәстүрдің тәрбиелік мәні де осында", – деді қоғам қайраткері.

Қазақ танымында төр – қашан да жасы үлкен, елге сыйлы ақсақалдар мен қадірлі қонақтарға тиесілі құрметті орын. Ал бүгінгі тойларда осы қағида ескерілмей, үлкендердің абыройы мен беделіне нұқсан келетін жайттар жиі кездеседі. Қоғам қайраткері жас келінді төрге оздырып, ата-енесін ортаға шығарып билетудің де ұлттық әдепке мүлде жат екенін жеткізді.

"Тағы бір түсініксіз көрініс – келінді төрге шығарып, үлкендердің алдына отырғызу. Қазақ ұғымында төр – жасы үлкеннің, елге сыйлы адамның орны. Келіннің де өз орны, өз жолы бар. Оны төрге оздыру арқылы қандай тәрбие бермекпіз? Одан да сорақысы – кейбір асабалардың жас келіннің көзінше атасы мен енесін ортаға шығарып, билетіп, түрлі қимылдарға салуы. Әрине, қуаныш үстінде үлкендердің де көңіл көтеруіне ешкім қарсы емес. Бірақ әдептің де, шектің де болғаны жөн. Үлкеннің абыройы мен беделін күлкіге айналдыруды көңілділіктің белгісі деп түсінбеуіміз керек. Келіннің алдында атасы мен енесінің елпілдеп билеуін ұйымдастырудың қандай тәрбиелік мәні бар? Біз үлкенді сыйлауды, қарияның алдын кесіп өтпеуді, олардың әрбір сөзі мен ісінен өнеге алуды ұрпақ тәрбиесінің негізі деп санаймыз. Ендеше, сол қадірлі ұғымдарды өз қолымызбен әлсіретіп жүрген жоқпыз ба?" – деді Мұрат Қазамбаев.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 210 мың теңгеге той жасау мүмкін бе? Ерекше тойларға шолу


Тойдың тағылымды өтуі ең алдымен оны жүргізетін адамның парасаты мен біліміне тікелей байланысты. Заман талабына сай жаңашылдық енгізу дәстүрдің тамырына балта шабу деген сөз емес. Өлкетанушының пікірінше, асаба тойды арзан күлкіге емес, өнеге құруы тиіс және дәстүрдің озығын сақтап, тәрбиелік мәнін тереңдетуге қызмет еткені жөн.

"Асабалық – тек микрофон ұстап, жұртты күлдіру немесе ән мен биді ұйымдастыру емес. Асаба – тойдың тізгінін ұстаған адам. Оның сөзі де, әрекеті де, ұйымдастырған әрбір рәсімі де көпшілікке өнеге болуы тиіс. Сондықтан асабаға ұлттық дәстүрді білу, оның мән-мағынасын түсіну, үлкен мен кішінің арасындағы әдепті сақтау – кәсіби жауапкершіліктің бір бөлігі. Әрине, дәстүр өзгермейтін қатып қалған қағида емес. Заманға сай жаңарып, түрленуі мүмкін. Бірақ жаңашылдық дегеніміз – ұлттық құндылықтарды аяққа таптау емес. Керісінше, дәстүрдің озығын сақтап, оның тәрбиелік мәнін тереңдете түсу. Біз тойды даңғазамен емес, тағылыммен, орынсыз күлкімен емес, жарасымды әзілмен, дарақылықпен емес, парасаттылықпен өткізуге ұмтылуымыз керек. Өйткені той бір күндік, ал сол тойда көрсетілген өнеге мен қалыптасқан түсінік ұрпақтың жадында ұзақ сақталады. Үлкеннің қадірін кетіріп, кішіден ізет күтудің жөні жоқ. Дәстүрді дәріптейміз десек, алдымен оның қадірін өзіміз түсініп, өзіміз құрметтейік! Тойды қызықты өткізуге болады, бірақ қызық қуамыз деп қазақтың ұлылығын, үлкеннің беделін, келіннің ибасы мен ізетін жоғалтып алмауымыз керек", – деп қосты өлкетанушы.

Аға буынның демалысы мен жастардың көңіл көтеру талғамы екі бөлек болғандықтан, той өткізудің үлгісін де жаңаша қарастыруға болады. Сөз соңында Мұрат Қазамбаев бұл түйткілді шешу үшін тойды үлкендер мен жастарға арнап екі бөлек уақытта өткізу жөніндегі бұрынғы ұсынысын ортаға салды.

"Осы тұрғыда той мен ойынды екі бөлек форматта жасаса деген бір ұсынысымды осыдан екі жыл бұрын жазған едім. Бұл ұсынысымда дәстүрді шектеу емес, керісінше, үлкеннің абыройын сақтай отырып, тойдың мазмұны мен форматын заманға сай өзгерту идеясы жатыр. Тойдың форматын толығымен өзгерту қажет-ақ. Ол өз кезегінде үлкендердің қадір-қасиетін төмендетпей, жастардың да еркін көңіл көтеруіне мүмкіндік беретін ойын той болар еді. Менің ұсынысым мынадай. Тойға алдымен ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерін, ата-аналар мен жасы үлкен ағайындарды сағат 17:00-де шақырса. Жас жұбайлар үлкендердің алдынан өтіп, сәлем беріп, олардың ақ батасын алса. Ақсақалдар мен әжелерге құрмет көрсетіліп, дастарқаннан дәм ұсынылса. Үлкендер жастарға ақ тілегін айтып, батасын беріп, өздері де абыроймен тарқасса. Ал бірер сағаттан кейін, яғни сағат 19:00-де, жастар мен орта буын өкілдері жиналып, тойдың екінші бөлігін бастаса. Бұл уақытта заманауи әндер шырқалып, би биленіп, жастар өздерін еркін сезініп, көңіл көтерсе. Ешкімнің көңіліне қаяу түспейді, ешкімнің қадір-қасиеті төмендемейді. Мұндай формат үлкенге құрмет пен кішіге ізеті қатар ұштастырады. Қариялар өздеріне лайықты сый-құрметті көрсе, жастар өз ортасында еркін демалары сөзсіз. Тойдың сәні – даңғаза мен дарақылықта емес, үлкенге көрсетілген құрмет пен ұрпаққа берілген өнегеде. Менің ойымша той мәдениетіне жаңа көзқарас қалыптастыратын уақыт келген шығар? Сіз не дейсіз ағайын!?" – деді Мұрат Қазамбаев.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау