Археологтар Түркі қағанаты дәуіріне тиесілі ежелгі тас мүсіндерді тапты

Түркі қағанаты дәуіріне жататын ескерткіш. Фото: archeo.ru сайтынан алынды
Түркі қағанаты дәуіріне жататын ескерткіш. Фото: archeo.ru сайтынан алынды
Көне түркілер мұндай кешендерді өзендердің биік жағалаулары мен жазық аңғарларға тұрғызған.

РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының мамандары Тыва Республикасы аумағында VI-VIII ғасырларға жататын көне түркілердің еске алу-ғұрыптық кешендерін тапты. Ежелгі дәуірден жеткен балбал тастар мен тас қоршаулар мемлекет қорғауына алынды.

Археологиялық барлау жұмыстары аймақтың оңтүстігіндегі Моңғол-Тайга және Өвүр аудандарында, сондай-ақ орталық бөлігіндегі Шағаан-Арыг (Чаа-Холь) және Ұлуғ-Хем аудандарында жүргізілді. Ғалымдардың айтуынша, Саян-Алтай өңірі – көне түркі мәдениеті қалыптасқан ең ірі орталықтардың бірі.

Кешенді зерттеудің жаңа тәсілі

Бұл өңірдегі ескерткіштер соңғы рет өткен ғасырдың 50-жылдары ауқымды түрде зерттелген еді. Енді Тыва археологиялық экспедициясының мамандары заманауи әдістердің көмегімен бұрын ғылымға белгісіз болып келген жаңа нысандарды тапты. Бұрынғы зерттеушілер тас мүсіндерді жеке ескерткіш ретінде ғана тіркесе, қазір ғалымдар оларды айналасындағы құрылыстармен біртұтас ғұрыптық кешен ретінде қарастырады.

Көне түркілер мұндай кешендерді өзендердің биік жағалаулары мен жазық аңғарларға тұрғызған. Кешеннің негізін солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталып қаланған тікбұрышты тас қоршаулар құрайды. Қоршаудың шығыс бетіне адам бейнесіндегі биік тас мүсін орнатылып, одан күншығысқа қарай жүздеген метрге созылатын балбал тастар тізбегі тартылған.

Түркі қағанаты дәуіріне жататын ескерткіш. Фото: archeo.ru сайтынан алынды

"Бізге дейінгі зерттеушілер мүсіндерді жеке тіркеп, оларды жерлеу-ғұрыптық кешеннің бір бөлігі ретінде қарастырмаған. Ал ең басты құндылық та осында жатыр. Өзен аңғарларында көне түркілер ата-баба рухы мен Тәңірге табынуға арналған нағыз ғибадатханалар тұрғызған. Біз осындай бірнеше кешенді тіркеп, мемлекеттік қорғауға алдық. Бұл – мәдени мұраның аса маңызды әрі киелі нысандары", – деді аға ғылыми қызметкер Марина Килуновская.


Оқи отырыңыз: GTA авторынан жаңа ойын: бас кейіпкері – Меккедегі қажылық орындарының тазалықшысы


Көне түркілердің бет-бейнесі мен тұрмысы

Табылған тас мүсіндердің тарихи маңызы зор. Ежелгі шеберлер адамдардың бет-әлпетін – қалың қасын, ұшы жоғары қайырылған мұртын, сақалы мен өткір жанарын асқан дәлдікпен қашаған. Сондай-ақ мүсіндерден сол дәуірдегі киім үлгілерін (шапан, тон, бас киім, айылбасты белдік) және тұрмыстық бұйымдарды анық аңғаруға болады. Мүсіндердің белінде қылыш, қанжар, қайрақ тас, кішкентай дорба мен темекі түтігі бейнеленсе, қолдарына түрлі пішіндегі ыдыстар ұстатылған.

Түркі қағанаты дәуіріне жататын ескерткіш. Фото: archeo.ru сайтынан алынды

Зерттеушілердің пікірінше, жергілікті қауым өкілдері бірнеше жыл бойы осы киелі орындарға қайта келіп, ру негізін қалаушылар мен құрметті бабалардың рухына арнап жаңа ескерткіш тастар орнатып отырған. Бір кешеннің аумағында кәсіби шеберлер қашаған күрделі мүсіндермен қатар, қарапайым сызба түріндегі тастардың да кездесуі – бұл ғұрыпқа ұсталар ғана емес, қарапайым халықтың да атсалысқанын дәлелдейді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау