Балалардың мектепте сапалы білім алуымен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін жан-жақты дамыту, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қорғау – Түркістан облысындағы тәрбие және білім беру жұмыстарының аса маңызды бағыттары. "Қазақстан балалары" бағдарламасының 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарымен ұштасатын бұл бастамалар өңірдегі әрбір баланың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, өз қабілетін ашуына және тең мүмкіндікке ие болуына бағытталған. Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры Айсұлу Егембердиева Түркістан облысында қосымша білім беру жүйесі қалай дамып жатқанын баяндады.
Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде 495 768 бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл – облыстағы жалпы балалар санының 95 пайызын құрайтын өте жоғары көрсеткіш. Оқушылардың сан түрлі қызығушылығы мен бейіміне қарай өңір көлемінде барлығы 10 829 үйірме мен секция тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептер жанындағы үйірмелерде 313 408 бала, заманауи "Келешек мектептерінде" 14 387 бала, ал мамандандырылған қосымша білім беру ұйымдарында 167 973 бала өз шеберліктерін шыңдауда. Осы ауқымды шығармашылық және білім беру үдерісіне барлығы 3556 педагог тартылған. Олардың ішінде 1195 маман қосымша білім беру ұйымдарында еңбек етсе, 2361 педагог мектептердегі үйірмелерге жетекшілік етеді.
Үйірмелердегі жүйелі дайындық пен ұстаздардың еңбегі жоғары нәтижелер беруде. Мәселен, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы 44 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымында 2966 үйірме ұйымдастырылып, онда 31 433 бала тұрақты түрде білім алды. Осы үйірмелерге қатысқан дарынды жастар облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді байқаулар мен жарыстарда жалпы саны 1725 жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, өңір өрендері 511 облыстық, 774 республикалық және 440 халықаралық деңгейдегі жүлделі нәтижелерді иеленіп, облыс мерейін үстем етті.
"Қосымша білім беру – баланың бос уақытын тек тиімді өткізу ғана емес, оның бойындағы табиғи дарынын ерте жастан танып, болашақ мамандығына бағыт берудің ең тиімді тетігі. Біз алдағы кезеңде баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, әсіресе ауылдық елді мекендердегі оқушылардың сапалы қосымша білімге қолжетімділігін барынша кеңейтуді басты басымдық етіп отырмыз. Осы мақсатта 2026 жылы Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында балаларды дамытуға арналған 4 жаңа буын орталығын ашу жоспарланған. Бұл орталықтарда ауыл балалары IT, робототехника, STEM, бағдарламалау, жасанды интеллект, инженерлік жобалау, 3D модельдеу, электроника және дрон технологиялары сияқты ең заманауи бағыттарды тегін меңгере алады", – деді облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры Айсұлу Егембердиева.
Оқи отырыңыз: Қай мұғалімдерге 73 525 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді
Жоспарланған жаңа буын орталықтарында озық техникалық бағыттармен қатар шығармашылық, спорттық және зияткерлік үйірмелерді де кеңінен дамыту көзделген. Сонымен бірге өңірде тәрбие жұмыстары да кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылуда. 2026 жылға арналған кешенді жоспар аясында облыс көлемінде 26 ірі тәрбиелік және мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 452 111 білім алушы қатысты. Жыл бойы өткен облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен жарыстарда өңір оқушылары 239 жүлделі орынға ие болды, оның ішінде 84 бірінші, 65 екінші және 90 үшінші орын бар.
Оқушылардың азаматтық белсенділігін арттыру, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру және өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстың 848 мектебінде мектеп парламенттері жұмыс істейді, ал өзін-өзі басқару ұйымдарына 83 мыңнан астам оқушы белсенді түрде тартылған. Сонымен қатар 849 пікірсайыс клубында 38 мыңнан астам білім алушы өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізуге, сыни тұрғыдан ойлауға және шешендік өнерге машықтануда. Алдағы уақытта да ауыл балалары үшін тегін үйірмелер мен спорт секцияларының желісін дамыту, сондай-ақ жазғы демалыс пен сауықтыру шараларына қатысу мүмкіндіктерін арттыру жұмыстары жалғасын табады.
Балалардың сапалы білім алуы үшін оларға әлеуметтік қолдау көрсету және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты назарда. Түркістан облысында мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы 5-11-сынып оқушыларына да тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау шаралары заңнамада белгіленген тәртіппен жүйелі жүргізілуде.
"Біз үшін баланың әлеуметтік жағдайы оның сапалы білім алуына ешқашан кедергі болмауы тиіс. Осы бағытта жыл сайын өткізілетін дәстүрлі "Мектепке жол" республикалық акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына үлкен көмек көрсетіліп келеді. Мәселен, 2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткен акция шеңберінде Түркістан облысында 60 770 оқушыға нақты қолдау көрсетілді. Әр балаға бөлінген қаражат көлемі 50 851 теңгені құрап, жалпы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды. Ең маңыздысы, бөлінген қаражат әр баланың нақты қажеттілігіне қарай атаулы түрде бағытталып, демеушілер мен меценаттардың көмегін ұйымдастыру кезінде балалардың жеке деректері мен ар-намысын қорғау талаптары қатаң сақталды", – орталық жетекшісі Айсұлу Егембердиева.
Оқи отырыңыз: Әрбір шаршы шақырымға − небәрі 8 адамнан келеді. Қазақстанның демографиялық портреті
Аталған қолдауға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың ұл-қыздары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдай салдарынан шұғыл қолдауды қажет ететін отбасылар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары айқындаған өзге де әлеуметтік осал санаттағы білім алушылар ие болды.
Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық саулығын сақтау, құқықтарын қорғау, қосымша біліммен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар өзара тығыз сабақтастықта жүзеге асырылуда. Алдағы 2026-2030 жылдар кезеңінде де әр баланың құқығы қорғалған, қабілеті ашылған және өзін толық қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру – өңірдің білім беру саласындағы басты ұстанымы болып қала береді.
"Қосымша білім беру – баланың бос уақытын тек тиімді өткізу ғана емес, оның бойындағы табиғи дарынын ерте жастан танып, болашақ мамандығына бағыт берудің ең тиімді тетігі. Біз алдағы кезеңде баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, әсіресе ауылдық елді мекендердегі оқушылардың сапалы қосымша білімге қолжетімділігін барынша кеңейтуді басты басымдық етіп отырмыз. Осы мақсатта 2026 жылы Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында балаларды дамытуға арналған 4 жаңа буын орталығын ашу жоспарланған. Бұл орталықтарда ауыл балалары IT, робототехника, STEM, бағдарламалау, жасанды интеллект, инженерлік жобалау, 3D модельдеу, электроника және дрон технологиялары сияқты ең заманауи бағыттарды тегін меңгере алады", – деді облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры Айсұлу Егембердиева.