25 қараша күні сағат 16.00-ден бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы "Жібек жолы" ("Гишткуприк") өткізу бекетінен азаматтар өте алады. Бұл туралы Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусен Тангриев Instagram парақшасында хабарлады.
Оның мәліметінше, бекет ресми ашылғанға дейін екі елдің тиісті ведомстволары басшыларының қатысуымен салтанатты рәсім өтеді. Сондай-ақ нысанды қабылдау және пайдалануға беру шаралары ұйымдастырылады.
Ел арасында "Черняевка" деген атпен белгілі өткізу бекеті 2025 жылғы ақпанда жөндеу жұмыстарына байланысты жабылды. Бастапқыда құрылыс жұмыстарына төрт ай уақыт беріледі деп жоспарланғанымен, мерзім ұзартылды.
Өткізу бекетін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары 2022 жылғы қарашада басталған.
Қаржы министрі Мәди Такиев "Жібек жолы" бекетінен тәулігіне 70 мың адамға дейін өте алатынын айтқан болатын. Бұрын күніне бес мың адам ғана өткен.
Айта кетейік, "Жібек жолы" өткізу бекеті Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Ташкент облысын байланыстырады.