Әлем қартайып бара ма? Мемлекеттердің үштен бірінде қарттардың саны балалардан көп

Әлем халқы қартайып жатыр. Фото: depositphotos.com
Әлем халқы қартайып жатыр. Фото: depositphotos.com
121 елде туу көрсеткіші төмендеген.

Әлемдегі 2,8 миллиардтан астам адам тұратын елдер мен аумақтарда 65 жастан асқан тұрғындардың саны 15 жасқа дейінгі балалардан көп. Бұл – әлем халқының шамамен үштен бірі. Мұндай деректерді америкалық Population Reference Bureau (PRB) ұйымы 2026 жылғы әлемдік демографиялық есебінде жариялады.

Ұйымның мәліметінше, халықтың қартаюына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – туу көрсеткішінің төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының артуы. Қазір әлем халқының 70 пайыздан астамы тұратын 121 ел мен аумақта туу деңгейі халықтың табиғи өсімін қамтамасыз етуге қажетті межеге тең немесе одан төмен.

Соған қарамастан, әлем халқының саны өсе береді. PRB болжамы бойынша, 2026 жылы әлемде 8,2 миллиард адам болса, 2050 жылға қарай 9,6 миллиардқа жетуі мүмкін.

Зерттеуде халықтың қартаюы мен туу көрсеткішінің төмендеуі барлық елде бірдей демографиялық өзгеріске әкелмейтіні атап өтілген. Мәселен, Жапонияда 65 жастан асқан тұрғындар халықтың 29 пайызын құраса, 15 жасқа дейінгі балалардың үлесі небәрі 11 пайыз. Бұл елде халық саны қазірдің өзінде азайып жатыр.

Ал туу көрсеткіші халықтың орнын толтыруға қажетті деңгейден төмен болған 121 ел мен аумақтың 58-інде 2050 жылға қарай халық саны қазіргі деңгейден жоғары болады деп болжанған. Бұған халықтың жас құрылымы әсер етеді. Мысалы, Үндістан, Мексика, Непал және Филиппинде туу көрсеткіші төмендегенімен, тұрғындардың шамамен төрттен бірі – 15 жасқа толмаған балалар. Сондықтан еңбекке және бала туу жасына жететін жастардың көп болуы халық санының өсуіне мүмкіндік береді.

Көші-қон да демографиялық өзгерістерге ықпал етеді. Мәселен, Германия, Португалия және Испанияны қоса алғанда, 17 елде қайтыс болғандар саны туғандар санынан асып кеткен. Алайда иммиграция есебінен бұл елдердің халқы 2035 жылға қарай азаймай, керісінше өсуі немесе қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда әзірге балалардың үлесі қарт тұрғындардың үлесінен едәуір жоғары. БҰҰ Халық қоныстану қорының (UNFPA) 2025 жылғы дерегіне сәйкес, ел халқының 29 пайызы – 15 жасқа дейінгі балалар, ал 65 жастан асқандардың үлесі 9 пайызды құрайды. Әйелдердің жиынтық туу коэффициенті бір әйелге шаққанда үш баладан келеді. 

Демек Қазақстан әзірге халқы қартайған елдер қатарына жатпайды. Дегенмен әлемдік үрдіс ел үшін де маңызды: өмір сүру ұзақтығының артуы мен туу көрсеткішінің өзгеруі болашақта зейнетақы жүйесіне, еңбек нарығына және денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.

PRB ұйымының президенті әрі атқарушы директоры Дженнифер Скиуббаның айтуынша, әлемде демографиялық жағдай әртүрлі болғанымен, елдердің басым бөлігінде туу көрсеткіші төмендеп келеді. Сондықтан мемлекеттер халықтың жас құрылымындағы өзгерістерді ескеріп, ұзақ мерзімді жоспар құруы қажет.

 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау