Пара алғаны үшін сотталған экс-әкімді түрмеден босатуға рұқсат берілмеді

Апелляциялық сот. Фото: Depositphotos.com
Апелляциялық сот. Фото: Depositphotos.com
Сот алғашқы қаулының күшін жойды.

Аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылмайды. Алматы облыстық соты оны ауыр науқастануына байланысты жазасын өтеуден босату туралы Алатау қалалық сотының қаулысының күшін жойды.

Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіппен Көкірекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешімнің заңдылығын тексерген.

Облыстық соттың мәліметінше, істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғаны анықталған. Сондай-ақ Кәрім Көкірекбаевтың ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейтіні белгілі болды.

Осыған байланысты апелляциялық сот Алатау қалалық сотының қаулысының күшін жойып, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №57 мекемесі әкімшілігінің сотталған азаматты жазадан босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартты. Бұдан бөлек, апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот отырысына қатысып, Көкірекбаевты жазадан босатуды негізсіз қолдаған прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне тиісті шара қабылдау тапсырылды.

Ал жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы жолданды. Апелляциялық соттың қаулысы мен жеке қаулылары заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Кәрім Көкірекбаевтың ауыр науқастануына байланысты түрмеден босатылуы мүмкін екені хабарланған еді. 2026 жылғы 17 қарашада Алатау қалалық соты оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы мекеме әкімшілігінің ұсынысын қанағаттандырған болатын.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау