Оқу-ағарту министрлігі депутаттық сауалға берген ресми жауабында педагог-ассистенттердің жалақысын есептеу тәртібін және олардың пән мұғалімдерінен айырмашылығын түсіндірді. Құжатқа сәйкес, ассистенттердің еңбекақысы апталық оқу жүктемесінің сағат санымен емес, лауазымдық міндеттері мен белгіленген жұмыс уақыты режиміне қарай есептеледі.
Педагог-ассистент пен пән мұғалімінің міндеттері неге бөлек?
Министрлік мәліметінше, бұл екі лауазым иесінің атқаратын қызметі мен жауапкершілік деңгейі әртүрлі:
- педагог-ассистент ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыны сүйемелдейді. Ол баланың оқу процесіне бейімделуіне, мінез-құлқындағы қиындықтардың алдын алуға және дербестігін дамытуға көмектеседі, алайда пәндерді оқытпайды, сабақ өткізбейді және оқу бағдарламаларын дербес іске асырмайды;
- ал пән мұғалімі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырады, қысқа мерзімді және күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар әзірлейді, бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастырып, нәтижесіне талдау жасайды.
Оқи отырыңыз: Қай мұғалімдерге 73 525 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді
Осыған байланысты "Педагог мәртебесі туралы" заңда белгіленген аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі орта білім беру ұйымдарының пән мұғалімдеріне ғана қолданылады. Ал жұмыс көлемі оқу сағатымен өлшенбейтін педагогтердің жалақысы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінде белгіленген лауазымдық айлықақы негізінде есептеледі.
Қандай қосымша ақы мен үстемеақы қарастырылған?
Министрлік мәліметінше, қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесі бойынша педагог-ассистенттерге біліктілік санаты үшін лауазымдық айлықақының 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істегені үшін базалық лауазымдық айлықақының 40 пайызы мөлшерінде қосымша ақы, сондай-ақ ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақының 10 пайызы мөлшерінде үстемеақы төленеді.
Ведомство педагог-ассистенттің еңбекақысын айқындау кезінде оның оқу жүктемесі жоқ екенін және ерекше білім беруді қажет ететін баланы сүйемелдеу ерекшелігін ескеру қажет екенін атап өтті.