Жетісу облысында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ерлі-зайыпты сотталды. Заңсыз схеманың ұйымдастырушылары азаматтарға инвестициялық пакеттерді сатып алуды ұсынып, салған ақшасынан табыс табуға уәде берген, деп хабарлады Бас прокуратура.
Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен CVK танымал брендін бүркемелеу ретінде пайдаланған қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметі тоқтатылды.
"Тергеу барысында ерлі-зайыпты азаматтарға инвестициялық пакеттерді сатып алуды ұсынып, салған қаражатынан пайда табуға уәде бергені анықталды. Бұған қоса, жаңа қатысушыларды тартқаны үшін ақшалай сыйақы мен түрлі сыйлықтар түрінде бонус беруге уәде еткен. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 21 салымшы зардап шеккен", – делінген хабарламада.
Сот үкімімен ерлі-зайыпты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі (қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.