11 мыңнан астам камера мен "Жасыл дәліз". Түркістан облысында оқушылар қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде?

Оқушылар тігін тігуді үйреніп жатыр. Фото: Түркістан облысы білім басқармасы
Оқушылар тігін тігуді үйреніп жатыр. Фото: Түркістан облысы білім басқармасы
Облыстағы 251 балабақшаға 2008 бейнебақылау камерасы мен дабыл түймелері орнатылса, 26 қосымша білім беру ұйымы 486 цифрлық бейнекамерамен жабдықталды.

Өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілуі, олардың өмірі мен денсаулығының қорғалуы – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Түркістан облысында қолға алынған ауқымды шаралар "Қазақстан балалары" бағдарламасының 2026-2030 жылдарға арналған негізгі міндеттерімен толық сабақтасып, әрбір баланың алаңсыз білім алуына берік негіз қалап отыр. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова айтып берді. 
 
Басқарма өкілінің айтуынша, баланың қауіпсіздігі – тек білім беру мекемесінің немесе ұстаздар қауымының ғана міндеті емес, ол мемлекеттің, бүкіл қоғамның, отбасының және сала қызметкерлерінің ортақ жауапкершілігі. Осы ұстанымды басшылыққа алған өңірлік білім беру саласы мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстарды іске асыруда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығымен бекітілген нұсқаулық талаптары негізге алынып, облыстағы барлық білім нысандарының техникалық қауіпсіздік жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылған.

Оқушылар шахмат ойнап отыр. Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Бүгінгі күні бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері айқын көрінеді. Мәселен, өңірдегі 915 жалпы білім беретін мектепке 11 158 цифрлық бейнебақылау камерасы орнатылып, білім ошақтарының ішкі және сыртқы аумағы толық бақылауға алынды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі тиімді пайдаланылып, дәл осы 915 мектеп төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді. Оқушы саны 700-ден асатын ірі білім беру мекемелеріне де ерекше көңіл бөлінді: қазіргі таңда 287 мектеп пен 15 колледжге бөгде адамдардың кіруін шектейтін заманауи турникет жүйесі енгізілді.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 22 мыңнан астам оқушы "Келешек мектептерінде" білім алады


Мектепке дейінгі тәрбие мен қосымша білім беру мекемелері де қауіпсіздік шараларынан тыс қалған жоқ. Облыстағы 251 балабақшаға 2008 бейнебақылау камерасы мен дабыл түймелері орнатылса, 26 қосымша білім беру ұйымы 486 цифрлық бейнекамерамен жабдықталды. Қазіргі уақытта бір мезетте 100-ден астам адам болатын 1344 білім беру ұйымы терроризм тұрғысынан осал объектілер тізіміне енгізілген. 

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Қолда бар ресми мәліметтерге сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы 1198 нысан дабыл түймелерімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қамтылса, жалпы есеп бойынша 1314 нысан дабыл жүйесімен толық жабдықталған. Бұдан бөлек, екінші топқа жататын 302 білім беру ұйымында мамандандырылған арнайы күзет қызметі ұйымдастырылып, тиісті санаттағы нысандарда бақылау-өткізу режімі күшейтілді.

"Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту тек заманауи техникалық құралдарды сатып алып, ғимараттарға орнатумен ғана шектелмейді. Біз үшін ең бастысы – орнатылған барлық бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі, дабыл түймелерінің кез келген сәтте жарамды болуы және мамандандырылған күзет қызметінің заңнама талаптарына толық сәйкес келуі. Әрбір мектеп пен балабақшадағы қауіпсіздік алгоритмдерінің қатаң сақталуы біздің тұрақты бақылауымызда тұр. Өйткені ата-ана баласын мектепке жібергенде, оның қауіпсіз ортада білім алып жатқанына толық сенімді болуы тиіс", – деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 80 мыңға жуық тұрғын тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты


Физикалық қауіпсіздікпен қатар, балалардың ішкі жан дүниесін қорғау, олардың психологиялық саулығын сақтау және өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді ерте анықтау ісіне де айырықша басымдық берілуде. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №152 қаулысымен Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы құрылды. Жаңа орталықтың басты міндеті – білім алушыларға кәсіби психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, психологиялық қауіп-қатер тобындағы балаларды дер кезінде анықтау және оларға қажетті кешенді көмекті ұйымдастыру.

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Қазіргі таңда облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 1461 педагог-психолог қызмет атқарады. Осы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және алдын алу жұмыстарының сапасын жетілдіру бағытында өңірде бірқатар маңызды жоба табысты жүзеге асырылуда. Солардың бірі – 2018 жылдан бастап қолға алынған "Бестерек" жобасы. Бұл жоба кәмелетке толмағандар арасындағы деструктивті және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға, балалардың психоэмоционалдық жағдайын жүйелі бақылауға және суицидтік қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған. Осы бастама аясында 2023 жылы 1300 педагог-психолог арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, өз білімдерін жетілдірді. Ал 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында "RD Advisory" компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған оқыту бағдарламасы арқылы мың педагог-психолог пен 17 аудан, қаладағы психологиялық жұмыс жөніндегі әдіскер кәсіби біліктілігін шыңдады.

Сонымен қатар "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымымен бірлесіп, балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жобалық кеңсе жұмыстары жолға қойылды. Ал "IMAP" жобасы шеңберінде жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізу тетіктері қарастырылып, психологиялық қолдау қызметінің әлеуетін арттыратын семинарлар мен тренингтер өтті.

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Психологиялық диагностика жұмыстарын цифрландыру бағытында да нақты қадамдар жасалды. Оқушылардың психологиялық әл-ауқатын, жеке даму ерекшеліктерін және кәсіби бағдарын жүйелі бақылау мақсатында Арыс, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай және Түлкібас аудандарының білім беру ұйымдарында "WeGlobal.ai" цифрлық платформасы енгізілді. "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты ұсынған диагностикалық әдістемелер мен сауалнамалар негізінде жұмыс істейтін бұл платформа скрининг нәтижелерін жүйелеп, қосымша қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, республика көлемінде ұсынылған Balazhan цифрлық платформасы да облыс мектептеріне енгізілді. Бұл жүйе мектептердің 1-11-сынып оқушылары мен колледж студенттерінің психологиялық жай-күйін тұрақты бағалап, буллинг, зорлық-зомбылық және суицидтік тәуекел белгілерін дер кезінде байқауға септігін тигізеді.

"Жасөспірімдер арасындағы буллинг пен күйзелістің алдын алуда уақыт оздырмай, кәсіби көмекті дер кезінде көрсету аса маңызды. Осы мақсатта 2025 жылғы 9 қыркүйектен бастап суицидтік мінез-құлық белгілері байқалған балаларға медициналық-психологиялық көмекті жеделдетуге бағытталған "Жасыл дәліз" механизмі іске қосылды. Бұл тетік өз тиімділігін дәлелдеп, оның аясында 12-17 жас аралығындағы 4257 бала жалпы практика дәрігерінің, психиатрдың және басқа да бейінді медициналық мамандардың кеңесін алды. Сонымен қатар психологиялық көмектің қолжетімділігін барынша арттыру үшін облыстық психологиялық қолдау орталығы жанынан 111 сенім телефоны тәулік бойы, аптасына жеті күн үздіксіз жұмыс істейді. Кез келген бала, жасөспірім, ата-ана немесе педагог қиын жағдайға тап болған сәтте осы нөмірге хабарласып, тегін кеңес пен қолдау ала алады", – деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.


Оқи отырыңыз: Айжан Аймағанова: Цифрлық жүйелер арқылы отбасындағы зорлық-зомбылық қаупін ерте анықтауымыз керек


Буллингтің алдын алу ісінде ғылыми ортамен әріптестік те нығайып келеді. Атап айтқанда, Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп "Ai-jan" пилоттық жобасы іске асырылуда. Оған Түркістан қаласынан 13 мектеп, Кентау қаласынан 5 мектеп, Сауран ауданынан 5 мектеп және 5 колледж қатысып, оң тәжірибе жинақтауда. Сонымен қатар Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен әзірленген "Қауіпсіз балалық шақ" жобасы аясында білім беру ұйымдарымен тығыз бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Облыстық прокуратурамен ұйымдастырылған тікелей эфирге білім беру ұйымдарынан 200 мыңға жуық бала қатысып, өзін мазалаған сұрақтарға заңгерлер мен мамандардан тікелей жауап алды. Сондай-ақ облыстағы 1116 білім беру ұйымында полиция өкілдерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары өткізіліп, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды.

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Алдағы оқу жылында балалардың өз қауіпсіздігін сақтау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тағы бір маңызды жаңалық енгізілмек. 2026-2027 оқу жылынан бастап "Қазақстан балалары" бағдарламасы аясында қарастырылған "Жеке қауіпсіздік" курсын жүргізу педагог-психологтерге жүктелді. Оқу бағдарламасына сәйкес, 5-8-сынып оқушыларына оқу жылына 8 сағат, ал 9-11-сынып оқушыларына 17 сағат көлемінде арнайы сабақтар өткізіледі. Осылайша, 2026-2030 жылдар кезеңінде де білім беру ұйымдарының қауіпсіздік инфрақұрылымын одан әрі нығайту, психологиялық қолдау қызметінің тиімділігін арттыру және буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары басты назарда қала бермек.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау