"Заң мен тәртіп" қағидаты. Қазақстанда жаңа құқықтық мәдениет қалай қалыптасып жатыр

Заң мен тәртіп қағидаты. Фото: ЖИ жасап берді
Заң мен тәртіп қағидаты. Фото: ЖИ жасап берді
2026 жылдың алғашқы 9 айында елімізде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар 10,4 пайызға, интернет-алаяқтық фактілері 21 пайызға азайды.

Бүгінде елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Президент ұсынған "Заң мен тәртіп" қағидаты азаматтардың қоғамдық санасын жаңғыртуды көздейді. Саясаттанушы, Құрылтай депутаты Дәулет Кәрібек осы бастаманың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, заң талаптары тек қағаз жүзінде қалмай, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы шарт. 

"Соңғы жылдары Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мемлекеттік саясат деңгейінде ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы ұсынған "Заң мен тәртіп" қағидатының да негізгі мақсаты – заңды құрметтейтін, өз құқығын білетін, өзгенің құқығына нұқсан келтірмейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат қалыптастыру. Бұл бағытта мемлекеттік саясаттың мазмұны да өзгеріп келеді. Бұрын құқықтық сауаттылық дегенде азаматтарға заң талаптарын түсіндіруді басшылыққа алсақ, қазір сол заң талаптарының күнделікті өміріміздің, ұлттық мінезіміздің бір бөлігіне айналуына басымдық беріліп отыр", – деді Дәулет Кәрібек.

Мемлекет тарапынан осы бағытта маңызды құжаттар жазылып, жүйелі шаралар қолға алынды. Арнайы тұжырымдамалар арқылы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісі де жаңа деңгейге көтерілді. Саясаттанушы бұл үдеріске білім беру саласы мен құқық қорғау органдары бірлесе жұмылдырылғанын айтты. 

"Осы мақсатта Үкімет 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы қабылдады. Оны жүзеге асыру жоспары 55 іс-шараны қамтиды. Білім беру жүйесінде құқықтық ағарту, құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізінде әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, заң мен тәртіп сияқты құндылықтар жатыр", – деді деді саясаттанушы.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Құрылтай заңды мақұлдады


Қазіргі таңда әрбір азаматтың өз құқығын қорғауы үшін түрлі цифрлық мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыс барынша жеңілдеді. Спикер мұндай озық технологиялық құралдар қоғамда жаңа мәдениетті орнықтыруға ықпал ететінін алға тартты. Ол азаматтар заңды жазадан қорыққаннан емес, саналы түрде құрметтейтін деңгейге жетуі керек деп санайды. 

"Азаматтардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да дамып келеді. Мысалы, e-Otinish арқылы әрбір азамат мемлекеттік органға өтініш жолдап, оның қаралу барысын бақылай алады. Меніңше, "Заң мен тәртіп", "Таза Қазақстан", "Адал азамат" бастамаларының түпкі мақсаты Қазақстанда жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адам заңды жазадан қорққандықтан емес, оның қажеттілігін түсінгендіктен сақтайды"", – деді Дәулет Кәрібек.

Қандай қылмыс түрлері азайды?

Спикер қоғамға үлкен қатер төндірмейтін ұсақ құқық бұзушылық жасаған азаматтарға түзелуге мүмкіндік беру қажеттігін түсіндірді. Алайда адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге қатысты мемлекеттің ұстанымы қатаң болуы тиіс. Осы орайда Дәулет Кәрібек нақты заңнамалық өзгерістерді мысалға келтірді.

"Заңнаманы ізгілендіру мен жауапкершілікті күшейту – бір-біріне қайшы келетін үрдістер емес. Екеуінің де негізінде әділдік қағидаты жатыр. Жаза жасалған әрекеттің қоғамға келтірген зиянына сай болуы керек. Қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін құқық бұзушылық жасаған адамға өз қатесін түзетуге, қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік берген жөн. Ал адамның өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге қатысты мемлекет қатаң ұстанымда болуы қажет. Мысалы, 2024 жылы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына қайта енгізілді", – деді Дәулет Кәрібек.


Оқи отырыңыз: "Біздің ісіміз – Әділет, жолымыз – Заң мен Тәртіп". Айбек Дәдебай "Әділет" партиясының төрағасы болып сайланды


Қабылданған шаралардың оң нәтижесі ресми статистикалық көрсеткіштерден айқын аңғарылады. Соңғы кезеңде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар мен интернет-алаяқтық деректері едәуір азайды. Дегенмен депутат бұл оң өзгерістерді тек жазаны қатаңдатумен ғана байланыстырмай, кешенді жұмыстардың жемісі деп бағалады. 

"2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар 10,4 пайызға, интернет-алаяқтық фактілері 21 пайызға азайды. Әрине, бұл көрсеткіштерді тек жазаның қатаңдатылуымен байланыстыру дұрыс болмас еді. Мұнда құқық бұзушылықтардың алдын алу, цифрлық бақылау құралдарының дамуы, азаматтардың белсенділігі және құқық қорғау органдарының жұмысы да маңызды рөл атқарады", – деді Дәулет Кәрібек.

Сонымен қатар қоғамдық мүлікті бүлдіру секілді вандализм әрекеттеріне қарсы ортақ көзқарас қалыптастыру кезек күттірмейтін міндет саналады. Спикер заңнамалық өзгерістермен қатар қоғамның құқық бұзушылықтарға деген танымын өзгерту маңызды екенін жеткізді. 

"Криминология ғылымында жазаның қатаңдығынан гөрі оның бұлтартпастығы әлдеқайда тиімді деген тұжырым бар. Яғни, адам қандай да бір құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде жауап беретінін білуі керек. Вандализм мәселесін де осы тұрғыдан қарастырған жөн. Қоғамдық мүлікті бүлдіру – ортақ еңбекке, өзге азаматтардың игілігіне деген құрметсіздік. Мұндай әрекеттерге қоғам тарапынан да тиісті баға берілуі қажет. Сондықтан заңнамалық өзгерістермен қатар қоғамның құқық бұзушылықтарға деген көзқарасын өзгерту маңызды", – деді Құрылтай депутаты.


Оқи отырыңыз: Заң және тәртіп: ІІМ патрульдік полицияның жұмысына байланысты мәлімдеме жасады


Жастардың құқықтық санасы және заманауи білім беру әдістері

Заң баптарын құр жаттату арқылы жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыру мүмкін емес. Спикер бала мектеп қабырғасынан бастап өз құқығын қорғау мен міндеттерін орындаудың мәнін түсініп өсуі тиіс екенін айтты. 

"Бүгінгі жастардың ақпаратты қабылдау ерекшелігі өзгерді. Сондықтан құқықтық тәрбие берудің дәстүрлі тәсілдерін де қайта қарау қажет. Заң баптарын жаттату арқылы жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыру қиын. Бала мектеп қабырғасынан бастап өзінің қандай құқықтары бар екенін, сол құқықтарын қалай қорғай алатынын және қоғам алдында қандай міндеттері бар екенін түсініп өсуі керек", – деді депутат.

Білім беру жүйесін жаңғырту аясында мектеп бағдарламасына арнайы жаңа курстар енгізілуде. Бұл бастамалар оқушылардың құқықтық сауаттылығын ерте жастан қалыптастыруды көздейді. Дәулет Кәрібек білім саласындағы осы жаңашылдықтарға тоқталып өтті.

"2026-2027 оқу жылынан бастап мектептердің 5-7-сыныптарына "Конституция негіздері", 8-11-сыныптарына "Заң және тәртіп" оқу курстарын енгізу көзделген. Сонымен қатар "Жеке қауіпсіздік" курсына да ерекше мән беріліп отыр. Жоғары оқу орындарында құқықтық білім берудің тәжірибеге негізделген тәсілдерін кеңінен қолдану маңызды", – деді халық қалаулысы.


Оқи отырыңыз: Egov қосымшасында "Заң мен Тәртіп" жаңа цифрлық сервисі іске қосылды 


Оқу орнын тәмамдаған жас маман алдағы өмірде түрлі әлеуметтік-экономикалық қатынастарға түсетіні анық. Сондықтан құқықтық білім болашақ заңгерлерге ғана емес, барлық мамандық иелеріне бірдей қажет. Спикер университет қабырғасындағы академиялық адалдық пен әділ бағалаудың тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. 

"Бүгінгі студент ертең еңбек нарығына шығады, несие рәсімдейді, баспана жалдайды, кәсіп ашады. Оның осы қатынастардың барлығында өз құқығын білуі маңызды. Сондықтан құқықтық білім барлық мамандық иелеріне қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымының ішкі мәдениетінің өзі құқықтық сананы қалыптастыратын орта болуы тиіс деп есептеймін. Мысалы, университетте академиялық адалдық қағидаттары сақталса, білім әділ бағаланса, студенттің пікіріне құрмет көрсетілсе, барлық талаптар мен ережелер барлығына бірдей қолданылса, жас адам әділдіктің іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көреді", – деді Дәулет Кәрібек.

Депутат ортақ іске үлес қосу арқылы жас буын өз құқығы мен міндетін тереңірек ұғынатынын айтты. 

"Жастардың құқықтық санасы олардың қоғамдық өмірге араласуы арқылы да қалыптасады. Волонтерлік қызмет, студенттік өзін-өзі басқару, қоғамдық бастамаларға қатысу жастардың ортақ мәселелерге жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді", – деді Құрылтай депутаты.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау