Шамамен 194 жастағы Джонатан есімді алып тасбақа – бүгінде тірі жүрген құрлық жануарларының ішіндегі ең ұзақ жасағаны. Ғалымдар оның осындай ұзақ ғұмыр кешу себебін зерттеп, ағзасының екі ғасырға жуық уақыт бойы қалай мықты сақталғанын көрсететін генетикалық белгілерді анықтады. Бұл туралы sciencedaily.com жазды.
Зерттеуге сүйенсек, Джонатанның ұзақ жасауы тек жақсы гендерге байланысты емес. Оның ағзасы жас ұлғайған сайын болатын кейбір генетикалық өзгерістерге ұшырамай, маңызды қызметтерін сақтап қалған.
Science Advances журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар қартаюдан қорғайтын 287 ерекше генетикалық нұсқаны тапты. Олар зақымдалған ДНҚ-ны қалпына келтіру, қабынуды азайту, инсулин жұмысын реттеу және қатерлі ісіктің алдын алу сияқты процестерге қатысады.
Джонатан – шамамен 1832 жылы жұмыртқадан шыққан Альдабра алып тасбақасы (Aldabrachelys gigantea). Демек, ол Чарльз Дарвин мен патшайым Виктория заманында да өмір сүрген. Қазір ол – тірі жүрген ең қарт алып тасбақа және құрлықтағы ең кәрі жануар.
Қартайса да "жас" қалпын сақтаған гендер
Ғалымдар Джонатанның эпигеномын (қай геннің қосылып, қайсысының өшетінін басқаратын химиялық жүйені) зерттеп, ерекше жайтты байқады. Әдетте жануарлар қартайған сайын бұл жүйе өзгеріп, жасуша жұмысын бұзады және ағзаның әлсіреуіне әкеледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?
Уақыт өте келе Джонатанның ағзасында қандай өзгеріс болғанын білу үшін ғалымдар оның эпигеномын сол түрге жататын жас тасбақалармен салыстырды. Сөйтсе, ДНҚ-ны жөндеу мен зат алмасуға жауап беретін жүйелер еш өзгеріссіз, тұрақты сақталған. Қартайғанына қарамастан, Джонатанның бұл реттеу жүйесі өзінен әлдеқайда жас туыстарынікімен бірдей болып шыққан. Демек, гендерді тұрақты басқару тасбақаларға қартаю кезіндегі ауыртпалыққа ұзақ төтеп беруге көмектеседі.
Бұл – алып тасбақаның эпигеномына жасалған алғашқы зерттеу. Жұмысты ұзақ өмір сүруді зерттейтін америкалық Kallel коммерциялық емес ұйымы басқарды. Ұйым мамандары ғасырлар бойы өмір сүре алатын жануарларды зерттеу арқылы ұзақ жасаудың жаңа сырларын ашуға болады деп есептейді.
"Энергия өндіру мен ДНҚ-ны қалпына келтіруге қатысатын ген реттеушілері Джонатанның ағзасында екі ғасырға жуық уақыт бойы өте тұрақты сақталғанын көрдік", – деді зерттеуге қатысқан Кембридж университетінің Питерхаус колледжінің докторы Джастин Герлах.
Ол сөзін әрі қарай былай сабақтады: "Қартаю туралы Галапагос пен Сейшел аралдарының алып тасбақаларынан көп дерек беретін жануар кемде-кем. Өте қарт тасбақамен жұмыс істеу – үлкен мәртебе: оны жай ғана зерттеу нысаны емес, өз әріптесіңдей қабылдайсың".
Герлах тасбақалардың экологиясы мен оларды қорғауды ондаған жыл бойы зерттеп келеді. Алайда бұл жоба – оның тасбақалардың ұзақ жасауының биологиялық себептерін алғаш терең зерттеуі.
Оқи отырыңыз: Жаңа рекорд: Ғалымдар адам бауырын ағзадан тыс жерде 7 аптаға дейін тірі сақтаудың жолын тапты
Алып тасбақаның ДНҚ-сы адамға ұзақ өмір сүруге көмектесе ме?
Ғалымдар Джонатанның генетикалық ерекшеліктері болашақта адамның қартаюын баяулатып, созылмалы аурулардың алдын алуға жол ашады деп сенеді. Кейбір жануарлардың ұзақ уақыт сау жүруіне мүмкіндік беретін жүйелерді табу арқылы мамандар болашақ емдеу әдістеріне негіз болатын қорғаныш тетіктерін анықтай алады.
"Табиғат қартаю жұмбағын ғажап шешкен, ал Джонатанның геномы – жасуша төзімділігінің дайын үлгісі", – деді Kallel ұйымының негізін қалаушы әрі зерттеудің жетекші авторы, медицина және философия ғылымдарының докторы Стивен Кларк.
Оның айтуынша, басты мақсат – осы эволюциялық нәтижелерді қарапайым халыққа қолжетімді әрі нақты емге тез айналдыру.
"Қартаю – біз кездесетін барлық дерлік созылмалы аурудың ең басты қаупі. Қайырымды серіктестеріміздің қолдауымен біз ұзақ өмір сүру медицинасын бәріне қолжетімді ете аламыз", – дейді ол.
Дегенмен, бұл жетістіктерді адамды емдеуде қолдану үшін әлі көп зерттеу керек.
Атлант мұхитындағы шалғай аралда өткен ғұмыр
Джонатан өмірінің басым бөлігін Оңтүстік Атлант мұхитындағы Ұлыбританияға қарасты Әулие Елена аралында өткізді. Ол арал губернаторының ресми резиденциясы – Плантейшн-Хаус аумағында тұрады.
Ол бұл аралға 144 жыл бұрын Сейшел аралдарынан губернаторға сыйға тартылған. Сол кездің өзінде Джонатан толық есейген тасбақа болған, бұл оның шынымен де өте қарт екенін дәлелдейді.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар құстардың ерлерге қарағанда әйелдерден көбірек қорқатынын анықтады
Галапагос және Сейшел аралдарындағы алып тасбақалар – кезінде көптеген аралдың экожүйесінде басты рөл атқарған алып бауырымен жорғалаушылардың бізге жеткен соңғы өкілдері. Қазір олар ғалымдарға эволюцияның кейбір тіршілік иелерін уақытқа төзімді етіп қалай бейімдегенін көруге сирек мүмкіндік беріп тұр. Ал Джонатанның ерекше тұрақты генетикалық жүйесі қартаю биологиясын ұғынуға және сау өмір сүруді ұзарту мүмкіндігіне ашылған қызықты терезе іспетті.