Дәмханалар мен мейрамханаларда енді қай әннің қанша рет шырқалғаны есепке алынады

Ән шырқау. Фото: Depositphotos.com
Ән шырқау. Фото: Depositphotos.com
Алғашқы кезеңде 500-ге жуық мекеме жүйеге қосылады.

2027 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы дәмханалар, мейрамханалар, караокелер мен басқа да қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосылады. Жүйе мекемелерде қай әннің қанша рет орындалғанын тіркеп, авторлар мен орындаушыларға тиесілі сыйақыны есептеуге мүмкіндік береді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы

Авторлық қаламақыны есептеуге арналған цифрлық платформа биыл іске қосылды. Қазірдің өзінде оған телеарналар, радиостанциялар, театрлар мен кинотеатрлар қосылған. Енді жүйенің ауқымы кеңейіп, музыкалық шығармалар орындалатын дәмханалар, мейрамханалар мен караокелер де қамтылады.

Ол үшін музыканы автоматты түрде танитын арнайы құрылғылар қолданылуы мүмкін. Олар Shazam қосымшасы сияқты әнді анықтап, оның атауы мен орындалған уақыты туралы ақпаратты платформаға жібереді. Алғашқы кезеңде ел бойынша 500-ге жуық мекемені жүйеге қосу жоспарланған.

"Ұлттық зияткерлік меншік институты" ШЖҚ РМК директоры Сәбит Ахметовтің айтуынша, мекемелер қызметінің ерекшелігіне қарай сегіз үлкен және 20 шағын санатқа бөлінеді.

"Біз оларды 8 үлкен және 20 шағын топқа бөліп қарастырамыз. Мысалы, бірінші мен екінші топқа негізгі жұмысы әнмен байланысты дискотека, караоке сынды мекемелер жатса, үшінші және төртінші санатқа дәмханалар мен қонақ үйлерді кіргіздік. Осы іріктеу бойынша авторға төленетін сыйақы анықталады", – деді Сәбит Ахметов.

Жаңа жүйе мекемелерді аралап, музыканың есебін қолмен жүргізу қажеттілігін азайтпақ. Бұған дейін авторлардың мүддесін қорғайтын ұйым өкілдері дәмхана мен мейрамханаларды аралап, орындалған әндерді қағаз жүзінде тіркеп келген.

ҚР Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Ләззат Утешева авторлар платформаға тіркелген кезде шығарманың өзіне тиесілі екенін растауы және банк шотының деректерін енгізуі қажет екенін айтты. Осыдан кейін олар өзіне тиесілі қаламақыны ала алады. Сонымен қатар әнінің қай жерде және қанша рет орындалғанын бақылауға мүмкіндік болады.

Оның сөзінше, институт алдағы уақытта платформаның ауқымын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.

Kazpatent дерегіне сүйенсек, қазір QazCopyright платформасына 331 субъект тіркелген. Олардың қатарында телерадиокомпаниялар, түрлі ұйымдар, авторлар, құқық иелері мен музыканы пайдаланушылар бар. Ал жүйеге енгізілген шығармалар саны 255 мыңнан асқан.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау