БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына келесі жылы 91 миллион адамға көмек көрсету үшін 12,1 миллиард доллар қажет болады. Ұйым қаржы тапшылығы мен жаңа жаһандық азық-түлік дағдарысының қаупіне байланысты миллиондаған адам қажетті қолдаудан қағылып, аштыққа ұрынуы мүмкін екенін ескертеді.
Женевада журналистерге "2027 жылға арналған жаһандық болжам" баяндамасын таныстырған Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директорының орынбасары Мэтью Холлингворт ұйымның баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған және аштық қаупі төнген жандарға қолдан келгенше көмектесе беретінін мәлімдеді.
Баяндама деректеріне сүйенсек, бүкіл әлем бойынша кемінде 266 миллион адам өткір аштықтан зардап шегуде. Олардың шамамен 39 миллионы төтенше аштық жағдайында немесе одан да ауыр халде өмір сүріп жатыр. Бұл жағдай халықаралық көмек көлемінің қысқаруы аясында болып отыр. Соның салдарынан ұйым өз күшін тек ең қиын, кезек күттірмейтін жағдайларға ғана жұмылдыруға мәжбүр.
"Аса күрделі шешімдер"
"Біздің жергілікті жерлердегі қызметкерлерімізге аса күрделі шешімдер қабылдауға тура келеді, бұл дегеніміз – біз белгілі бір адамдарды еріксіз қолдаусыз қалдырамыз деген сөз", – деді Мэтью Холлингворт.
Оқи отырыңыз: 3 миллион адамның өмірін қиған ашаршылық: тың деректер мен естеліктер
Ол қақтығыстардың салдарынан негізгі үш теңіз бағытында "үш түйткілді нүкте" пайда болғанын айтты. Олар – Ормуз бұғазы, Баб-эль-Мандеб бұғазы және Қара теңіз. Бұдан бөлек, Эль-Ниньо климаттық құбылысы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетіп жатыр, ал жанармай мен тасымалдау бағасының өсуі азық-түлікті қымбаттатуда.
"Біз соңғы алты жылдағы COVID-19 пандемиясы мен Украина аумағындағы соғыстан кейінгі үшінші жаһандық азық-түлік дағдарысына жақын арада тап болуымыз әбден мүмкін", – деп ескертті Холлингворт.
Барынша тиімді нәтиже үшін – икемді қаржыландыру
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы донорларды ресурстарды ең өзекті бағыттарға жұмсауға және салынған әрбір доллардан барынша қайтарым алуға мүмкіндік беретін икемді әрі тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге шақырды.
Ұйымның жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Лора Тернер агенттіктің өз жұмысының тиімділігін қалай арттырып жатқанына мысалдар келтірді. Атап айтқанда, ұйым табиғи апаттар басталмай тұрып алдын алу шараларын қабылдайды, табиғи зілзала қаупін азайту шараларын қаржыландыру арқылы үкіметтер мен жергілікті қауымдастықтарды қолдайды және мүмкіндігінше ақшалай төлемдер береді.
"Бұл отбасыларға таңдау жасауға көбірек мүмкіндік береді, олардың абыройын сақтауға көмектеседі, жергілікті нарықтардың дамуына ықпал етеді және үкіметтер дағдарыстарға ден қою үшін пайдаланатын ұлттық жүйелерді нығайтады", – деді Тернер.
Оқи отырыңыз: Айту да, есту де қиын. Зұлмат статистикасы мен деректер, ашаршылық нәубетінен аман қалғандардың естеліктері
Ол баяндамада алда тұрған сын-қатерлердің ауқымы ғана емес, сонымен қатар шұғыл гуманитарлық көмек көрсетуді қауымдастықтарды, мемлекеттік институттар мен нарықтарды нығайтуға бағытталған инвестициялармен ұштастырған жағдайда қандай нәтижеге қол жеткізуге болатыны да көрсетілгенін баса айтты.
"Біздің мақсатымыз – тек келесі жылы аштық мәселесіне үн қату ғана емес. Біз шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдар саны әлдеқайда аз болатын болашақ құруға ұмтыламыз", – деп түйіндеді сөзін Лора Тернер.