Шығыс Қазақстан облысында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген 19 жастағы Станислав Партоленко психикалық ауытқуға байланысты ауруханаға түсті. Қостанайдан әскерге кеткеніне небәрі алты ай болған сарбаздың қазіргі жағдайы алаңдатарлық екенін туыстары айтып отыр. Бұл туралы 31-арнаның “Информбюро” ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Сарбаздың анасы Татьяна Портоленконың айтуынша, ұлы қазір сөйлей алмайды, қолын көтеруге де шамасы келмейді. Әкесі Өскеменге барып, баласымен әрең кездескен.
“Станиславтың әкесі Өскеменге барды. Баламызбен әрең кездесті. Оның жағдайын көріп, жұмсартып айтқанда, қорқынышты деуге болады. Ол сөйлеспейді. Тек қана міңгірлейді. Қолын көтере алмайды. Тіпті қаламсапты қолына ала алмай қойды”, – деді сарбаздың анасы.
Станислав 19 қарашада Өскемен гарнизонында қызмет атқарып жүрген кезде шұғыл түрде жергілікті денсаулық сақтау мекемесіне жеткізілген. Әскери бөлім өкілдері оның жағдайын психоэмоционалдық ахуалының күрт нашарлауымен түсіндірген.
Дәрігерлер жас жігіттің жағдайы ауыр екенін және емделуіне ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтқан. Ал сарбаздың неліктен мұндай күйге түскені әзірге белгісіз.
Қорғаныс министрлігі әскери қызмет кезінде сарбазға қысым көрсетілмегенін және әлімжеттік болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Станислав Партоленкодан да, ата-анасынан да әскери қызмет жағдайына, сарбаздар арасындағы қарым-қатынасқа немесе командирлердің әрекетіне қатысты шағым түспеген.
“Қазіргі уақытта Станислав Партоленко әкесінің талабына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталіне әскери-дәрігерлік комиссиядан өту үшін әкесі мен әскери бөлім өкілдерімен бірге Астана қаласына жолға шықты”, – делінген министрлік хабарламасында.
Оқиғаның себептері мен сарбаздың денсаулығының күрт нашарлауына не түрткі болғаны әзірге нақтыланған жоқ.
Әскердегі жағдай тексеріліп жатыр. Қандай заңбұзушылықтар анықталды