Халықаралық инвестициялық банктер "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының акцияларын биржаға орналастыруды 2026 жылдан 2027 жылға ауыстыруды ұсынды. Бұған әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздық себеп болған.
Бұған дейін қор IPO-ны 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан, Лондон және Гонконг қор биржаларында өткізуді жоспарлаған. Инвесторларға ҚТЖ акцияларының 25 пайызына дейін ұсынылуы мүмкін. 2026 жылғы маусымның соңында компания Гонконг биржасына листингке өтінім берген.
ҚТЖ-ның IPO-ға шығуы неше рет кейінге шегерілді?
"Қазақстан темір жолы" акцияларын биржаға шығару жоспары 2011 жылы бекітілген "Халықтық IPO" бағдарламасынан басталады. Алғашқы жоспар бойынша компания акциялары 2014 жылы сатылымға шығарылуы керек еді. Кейін мерзім 2016 жылға, одан соң 2020 жылға ауысты.
2019 жылғы қарашада Үкімет ҚТЖ-ны IPO-ға 2023 жылдан ерте шығармайтынын мәлімдеді. 2020 жылғы 10 маусымда мемлекеттік комиссия осы мерзімді келісті. Алайда 2022 жылдың ақпанында "Самұрық-Қазына" өкілі компания 2023 жылға қарай IPO-ға дайын болмайтынын айтты. Ол кезде ҚТЖ-ның қарыз жүктемесін азайту, инфрақұрылым активтері мен тариф мәселелерін шешу қажеттігі себеп ретінде аталды.
Кейін IPO мерзімі 2025 жылға ауыстырылды. 2025 жылдың қаңтарында "Самұрық-Қазына" листингті сол жылы өткізуді жоспарлағанын хабарлады. Алайда жылдың соңында ҚТЖ басшылығы жаңа межені 2026 жыл деп белгіледі.
2026 жылғы мамырда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев нарықтағы жағдайға байланысты IPO мерзімі 2027 жылдың бірінші тоқсанына ауысуы мүмкін екенін айтты. Бірақ 23 мамырда "Самұрық-Қазына" қор мен ҚТЖ-ның 2026 жылы IPO өткізу жоспары күшінде екенін ресми мәлімдеді. Ал 23 қарашада халықаралық инвестициялық банктер әлемдік қаржы нарығындағы жағдайды ескеріп, орналастыруды 2027 жылға ауыстыруды ұсынды.
ҚТЖ басшылығындағы өзгерістер
IPO мерзімін қайта қарау туралы ұсыныс ұлттық компания басшылығындағы кадрлық өзгерістермен тұспа-тұс келді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 12 қарашада "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отышиев сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мәліметтерін жариялаған жоқ. Алдын ала тергеу жалғасып жатыр.
Елжас Отышиев ҚТЖ-ны 2026 жылғы 20 шілдеден бастап басқарған. Ол ұсталғаннан кейін "Самұрық-Қазына" қорының басқармасы ұлттық компанияның басқарма төрағасы қызметіне бұрынғы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тағайындалды.
ҚТЖ IPO-ға шыққанда мемлекет магистральдық темір жол желісін бақылаудан айырыла ма