FIDE Магнус Карлсенді Бибісара Асаубаеваға қарсы ойнаудан бас тартқаны үшін жазалауы мүмкін

Магнус Карлсен, Бибісара Асаубаева. Фото chessbase.in
Магнус Карлсен, Бибісара Асаубаева. Фото chessbase.in
FIDE Карлсеннің турнирдегі әрекетін сынға алды.

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Венгрияның Будапешт қаласында өткен Total Chess Pilot-2026 турнирінде бірқатар шахматшының жоспарланған партияларға қатысудан бас тартуына алаңдаушылық білдірді. Ұйым әсіресе әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсеннің әрекетін сынға алып, мәселені Этика және тәртіп мәселелері жөніндегі комиссияға жолдамақ.

FIDE мәліметінше, турнир барысында кейбір шахматшылар қарсыластарымен кездесудің жалпы нәтижесі алдын ала белгілі болған соң қалған партияларға қатыспаған. Алайда Магнус Карлсен ресейлік гроссмейстер Владислав Артемьевке қарсы екі күн ішінде үш партияны өткізіп алған. Федерацияның айтуынша, сол кезде екі шахматшы арасындағы кездесудің нәтижесі әлі анықталмаған болатын. Ұйым өкілдері мұндай әрекеттер адал ойын қағидаларына және жарыстың әділ өтуіне қайшы екенін мәлімдеді. Ойналмаған партиялар турнирдің қорытынды нәтижесіне де айтарлықтай әсер еткен.

FIDE Карлсеннің әрекетін қабылдауға болмайтынын атап өтті. Федерацияның пікірінше, бұл ресми жарыстарға қатысушылардан күтілетін кәсіби мінез-құлық талаптарына сәйкес келмейді.

"Карлсеннің гроссмейстер ретіндегі мәртебесі мен шахматты танымал етуге қосқан үлесін ескерсек, оның әрекеті ерекше алаңдаушылық туғызады. Өйткені бұл жарыстың беделіне нұқсан келтіріп, қарсыластарына, көрермендерге және турнир серіктестеріне құрметсіздік ретінде қабылдануы мүмкін", – делінген федерация мәлімдемесінде.

FIDE тиісті материалдарды Этика және тәртіп мәселелері жөніндегі комиссияға (EDC) жолдайтынын хабарлады. Комиссия шахматшылардың әрекетін тәуелсіз бағалап, этикалық және тәртіптік кодекс талаптарының бұзылған-бұзылмағанын анықтауы керек.

Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан да бас тартқан

Бұған дейін Магнус Карлсен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға қарсы партияға шығудан бас тартқан еді. Екі шахматшы плей-офф кезеңінің бесінші торындағы жартылай финалда кездесті. Норвегиялық гроссмейстер блицте үш партияда жеңіске жетіп, бір ойынды тең аяқтады. Кейін рапид форматындағы екі кездесуде де басым түсті.

Осы нәтижелерден кейін Карлсен жылдам классикалық шахмат форматындағы партияға қатыспау туралы шешім қабылдады. Оған техникалық жеңіліс тіркеліп, сегіз ұпай автоматты түрде Бибісара Асаубаеваға берілді. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы 24 қатысушының арасында 20-орынға тұрақтады.

Әзірге Магнус Карлсенге қатысты тәртіптік жаза қолданылған жоқ. Оның әрекетіне қатысты түпкілікті шешімді FIDE комиссиясы шығаруы тиіс.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау