Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жанкүйері, арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі Райымбек Якуповты отбасымен бірге үйіне қонаққа шақырды. Спортшы Атыраудан Таразға дейінгі жол шығынын көтеріп, Шымкентте демалуы үшін қонақүй дайындап, барлық жағдайды жасаған. Бұл туралы Райымбек Якупов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Райымбектің айтуынша, ол көп жылдан бері дзюдоға қызығып, Елдос Сметовтің әр белдесуін қалт жібермей көріп, жеңістеріне бірге қуанып жүрген. Олимпиада чемпионымен жүздесіп, үйіне қонақ болу оның көптен бергі арманы болған.
"Бұл күн менің ғана емес, отбасымның да жүрегінде мәңгі қалатыны сөзсіз. Балаларым әкесінің арманға сенгенде, бір нәрсені шын жүректен қалағанда, өмірдің ең әдемі сәттері күтпеген жерден сыйланатынын көріп өсетін болды. Арманға жету үшін ең алдымен оған сену керек екенін түсінеді. Көп жылдан бері сырттай жанкүйер болып, әр жеңісіне бірге қуанып, әр белдесуінде тақым қысып жүрген спортшымның үйіне қонақ болу – мен үшін орындалған арман. Атыраудан Таразға барып-келу жол шығынымызды көтеріп, шырайлы Шымкентте балаларымызбен еркін қыдыруымыз үшін қонақүй дайындап, барлық жағдайды жасаған Елдосқа алғысым шексіз", – деп жазды ол.
Райымбек Якупов чемпионның қарапайымдылығы мен отбасындағы сыйластыққа ерекше тәнті болғанын жеткізді. Оның сөзінше, Елдос Сметов өзін бұрыннан танитын жақын адамындай қабылдап, ерекше құрмет көрсеткен. Сондай-ақ оның ата-анасының қонақжайлығы мен өнегелі тәрбиесіне де ризашылығын білдірді.
Жанкүйер дзюдоның өзі үшін жай ғана спорт емес екенін де атап өткен. Оның айтуынша, дзюдо оған рух пен жігер, күш-қуат сыйлайды. Мүмкіндігі шектеулі жан екенін ұмыттырып, өзін қызығушылығы, мақсаты мен арманы бар тұлға ретінде сезінуге көмектеседі.
"Елдос пен оның жанұясының қарапайымдылығына, ата-анасына деген ерекше құрметі мен сыйластығына тәнті болдық. Бұл кездесу менің ғана арманымды орындап қойған жоқ, балаларымның да үлкенге құрмет, бауырға ізет, адамға деген шынайы ықыластың қандай болатынын көзбен көріп, жүрекпен сезінуіне мүмкіндік берді. Үлгі аларлық, рухани бай, берекелі жанұя екен. Бүгін тағы бір мәрте түсіндім: адамның биіктігі атақ-дәрежесімен емес, адамгершілігімен, кішіпейілділігімен өлшенеді екен. Елдос, сізге шын жүректен рахмет. Мен үшін бұл жай ғана қонаққа шақыру емес. Бұл – қарапайым жанкүйердің жүрегіне жол тапқан үлкен құрмет", – деп жазды Райымбек.
Ол жазбасында Елдос Сметовке алдағы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында тағы да алтын медаль жеңіп алып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атануын тіледі.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, Елдостың қоржынында Олимпиаданың күміс және қола жүлдесі бар.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қанша сыйақы алады? Париж Олимпиадасы туралы тест
4 миллион теңге: Елдос Сметовтың бапкері мен паралимпиада жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысы өсті