"Әділет" фракциясының депутаты Аят Сүгірбай ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған сауалында қоғамдық және коммерциялық ұйымдардың атауларын реттеуде "Заң мен Тәртіп" қағидатын қолдануды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары ескерткіштер орнату, көше атауларын беру және өзгерту мәселелері заңнамалық тұрғыда реттеліп, бірізділік орнады. Алайда қазір шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеп кеткен. "Заңды тұлғалар" мемлекеттік мәліметтер базасына сәйкес, елімізде қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдары ашылған.
"Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе. Өйткені, ру атауын жалаулатқан шаруашылықтың түбі руға бөлінейік дегені емес пе? Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде жершілдікке, жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс. Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады", – деді Аят Сүгірбай.
Оқи отырыңыз: Қырғызстанның ҰҚК төрағасы руға бөлініп, ру жиналыстарын өткізбеуге шақырды
Ол сондай-ақ мұндай кәсіпорындардың қызметіне немесе өніміне қатысты сын айтылған жағдайда, сол рудың өкілдеріне де сөз тиіп, руаралық араздық туындауы мүмкін екенін атап өтті.
"Тарихи шежіремізді құрметтеу парыз, ал ру атауларын коммерциялық мүдденің құралына айналдыру қоғамды жікке бөлуге алғышарт қалыптастыратыны сөзсіз. "Руды білу – тарихты тану, бірақ руға бөліну – бірлікті бұзу" екенін ұмытпауымыз керек", – деді депутат.
Қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ. Осыған байланысты Аят Сүгірбай "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы", "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңдарға және тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізіп, қазақтың ру-тайпалары мен жүз атауымен заңды тұлғаларды тіркеуге заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.