Ғалымдар Жерде шамамен 2000 жыл бұрын жаңа мұз басу кезеңі басталғанын анықтады. Зерттеу нәтижелері Science журналында жарияланды.
Зерттеушілер Канаданың Арктикасындағы Баффин аралында орналасқан Барнс мұздығының тарихын зерттеген. Олар мұз астында мыңдаған жыл бойы сақталған ежелгі өсімдіктердің қалдықтарын талдап, радиокөміртекті әдіс арқылы олардың жасын анықтаған.
Зерттеу нәтижесінде Лаврентий мұз жамылғысы шамамен 3000 жыл бұрын қатты кішірейіп, 2000 жыл бұрын климаттың салқындауына байланысты қайта ұлғая бастағаны белгілі болды. Ғалымдар мұны Жердегі келесі мұз дәуірінің басталуы деп есептейді.
Алайда 1960 жылдарға қарай ауа температурасы көтеріліп, мұз жамылғысы қайта ери бастаған. Жазда еріген мұздың көлемі қыста жиналған қар мен мұздан асып кеткен. Зерттеушілердің пікірінше, осылайша жаһандық жылыну басталып келе жатқан мұз дәуірін тоқтатқан. Зерттеушілердің пікірінше, егер бұл процесс жалғасса, Лаврентия мұздығының бұрынғы алып көлеміне қайта жетуіне шамамен 30 мың жыл қажет болар еді.
Жобаға жетекшілік еткен Колумбия университетінің геохимигі Николас Янгтың айтуынша, бұл жаңалық адамның климат жүйесіне қаншалықты әсер еткенін көрсетеді. Ғалымдардың болжамынша, Барнс мұздығы алдағы бірнеше ғасырда толығымен жойылуы мүмкін.
Айта кетейік, ғылыми тұрғыдан алғанда, Жер қазірдің өзінде шамамен 34 миллион жыл бұрын басталған ұзақ мұз дәуірінің ішінде өмір сүріп жатыр. Оның аясында суық мұз басу кезеңдері мен жылы мұзаралық кезеңдер алмасып отырады. Қазіргі кезең – сондай мұзаралық кезеңдердің бірі. Соңғы мұз дәуірі шамамен 11 700 жыл бұрын аяқталған.
Эль-Ниньо құбылысы және оның әсері туралы 10 сұраққа жауап