1970 жылдары дамыған елдерді есептемегенде, әлемнің басым бөлігінде жоғары білім алуға қолжетімділік өте төмен еді. Ол кезеңде университеттерге түсушілердің арасында ер азаматтардың үлесі басым болғанымен, жалпы көрсеткіш айтарлықтай жоғары болмады. Our World in Data платформасы жариялаған деректерге сүйенсек, кейінгі онжылдықтарда бұл үрдіс түбегейлі өзгерді.
Екі жыныс өкілдері арасында да жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші тұрақты түрде өскенімен, әйелдердің білімге ұмтылыс қарқыны әлдеқайда жоғары болды.
Жарты ғасырлық статистика: 1971 жылдан 2024 жылға дейін
ЮНЕСКО Статистика институтының (2026) деректеріне негізделген графикада жоғары біліммен қамтудың жалпы коэффициенті (әдетте 18-22 жас аралығындағы халық санына шаққандағы студенттер үлесі) көрсетілген:
- 1971 жыл: жоғары білім алушылардың жаһандық орташа көрсеткіші ерлер арасында 10%, ал әйелдер арасында небәрі 7% болды;
- 2001 жыл: жаңа ғасырдың басында тарихи бетбұрыс жасалды – әйелдердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші ерлерден асып түсті. Содан бері екі топ арасындағы алшақтық тек ұлғайып келеді;
- 2024 жыл: екі ұрпақ ауысқаннан кейін жаһандық көрсеткіш айтарлықтай өсті: бүгінде әйелдердің 47 пайызы, ал ерлердің 41 пайызы жоғары білім алады.
Жоғары білім беру аясының кеңеюі мен гендерлік теңгерімнің әйелдер пайдасына өзгеруі әлемнің барлық дерлік өңірінде байқалады.
Қазіргі таңда Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерін қоспағанда, қалған барлық аймақта жоғары білім алатын әйелдердің үлесі ерлермен тең немесе олардан жоғары деңгейге жеткен.
Оқи отырыңыз: Әрбір шаршы шақырымға − небәрі 8 адамнан келеді. Қазақстанның демографиялық портреті