"Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС мемлекеттік мүлік тізілімінің sauda.e-qazyna.kz веб-порталында екі ірі жылжымайтын мүлік нысанын сату бойынша электрондық аукцион өтетінін хабарлады. Сауда-саттық желтоқсан айының басына жоспарланған.
Компания таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, аукционға жалпы бастапқы құны 1 171 560 950 теңгені құрайтын екі лот қойылды:
1. 2,36 гектар жер учаскесі бар жылжымайтын мүлік (Шамалғандағы шарап-арақ зауыты)
- сипаттамасы: Жалпы ауданы 7 245,4 шаршы метр болатын нысан жеке меншік құқығындағы 2,36 га жер телімінде орналасқан (кадастрлық нөмірі: 03:047:155:076);
- бастапқы бағасы: 739 889 319 теңге (ҚҚС-сыз);
- сауда-саттық уақыты: 2026 жылғы 8 желтоқсан, сағат 10:00.
Зауыт мемлекетке қалай өтті және бұрынғы иесі кім?
Жылжымайтын мүлік тізілімінің анықтамасына сәйкес, "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" зауытты 2026 жылғы 26 тамыздағы келісімшарт негізінде өтеусіз (тегін) алған, ал меншік құқығы 11 қыркүйекте тіркелген. Мүлік сот шешімінсіз, ерікті түрде қайтарылған, алайда ресми құжаттарда бұрынғы иесінің аты-жөні көрсетілмеген.
Ulysmedia.kz порталының мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы дәл осы мекенжайда күшті алкогольді сусындар өндірумен айналысатын "BN Alko" ЖШС тіркелген (атауы Болат Назарбаевтың инициалдарымен сәйкес келеді).
Оқи отырыңыз: Өзбекстан бір әріпке бола елтаңбасын өзгертуді жоспарлап отыр
2. Үш жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлік кешені
- Сипаттамасы: Нысанның жалпы ауданы – 6 109,7 шаршы метр. Ол жеке меншік құқығындағы жалпы ауданы 3,0331 га болатын үш жер учаскесінде орналасқан.
- Бастапқы бағасы: 431 671 631 теңге.
- Сауда-саттық уақыты: 2026 жылғы 10 желтоқсан, сағат 10:00.
Сауда-саттыққа қалай қатысуға болады?
Нысандардың техникалық сипаттамалары, фотосуреттері және аукционға қатысу талаптары туралы толық мәлімет мемлекеттік мүлік тізілімінің ресми порталында жарияланған. Саудаға қатысуға ниет білдірген азаматтар мен кәсіпкерлер sauda.e-qazyna.kz платформасы арқылы тіркеліп, белгіленген тәртіппен өтінім бере алады.