Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлұлы 96 жасында дүниеден өтіп, бүгін Алматы тұрғындары ғалымды соңғы сапарына аттандырды.
Баспагер Бақытжан Бұқарбай тарихшының дүниеден өтерінен бір күн бұрын туған халқына жеткізген соңғы тілегін жария етті.
Оразақ Смағұлұлының соңғы тілегі
"Қымбатты халқым!
Сенімен қоштасатын уақыт та келді. Құдай маған ұзақ ғұмыр бұйыртты. Сенің басыңнан өткен қайғы-қасіретті де, қуанышты да бірге көрдім. Азаттығыңды көру бақытына ие болдым. Бар саналы ғұмырымды өзіңе қызмет етуге арнадым. Өткен өміріме өкінбеймін.
Ендігі бар тілегім – сенің бақытың, халқым! Менің буыным көрген азапты сенің келешек ұрпағың көрмесін. Қазақтың бірде-бір баласы аштық пен жетімдіктің зардабын тартпасын. Әрбір перзентіңнің маңдайына бақытты ғұмыр жазылсын. Ұрпағың білімді, саналы, елінің қадірін білетін азамат болсын.
Құдай қазаққа жар болсын! Қаншама қасіреттен аман алып шыққан халқымды Жаратқан алдағы ғасырларда да өз панасында сақтасын. Тәуелсіздігің баянды, ғұмырың мәңгілік болсын!
Бір-біріңді сыйлап өтіңдер, халқым! Бір-біріңнің қадіріңді біліңдер. Бір-біріңнің жақсылығыңа қуанып, қиыншылығыңа ортақтаса біліңдер. Қазақтың қазаққа қадірі артқан сайын, ұлттың ғұмыры ұзара бермек.
Менің сендерге деген соңғы тілегім осы.
Бақытты бол, халқым! Аман бол, қазағым!"
Еске салайық, антрополог, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразақ Смағұлұлы 96 жасында дүниеден өтті.
Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті
Академик Оразақ Смағұлұлының жаназа намазы Алматының Орталық мешітінде оқылады