Сауд Арабиясындағы Мекке қаласының басты сәулет нысандарының бірі – Сағат мұнарасы (Makkah Clock Tower) тағы екі көрсеткіш бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді. Мұнда әлемдегі ең биік ғимарат ішіндегі музей және ең биік ашық бақылау алаңы орналасқан.
The Islamic Information басылымының хабарлауынша, Сағат мұнарасындағы музей жерден 426,875 метр биіктікте орналасқан. Ал ашық бақылау алаңы 560,875 метр биіктікке салынған. Екі рекорд та 2026 жылғы 5 қаңтарда тіркелген.
Музей мұнараның жоғарғы төрт қабатын алып жатыр. Онда астрономия, ғарыш, уақытты өлшеу тарихы және ислам күнтізбесіндегі айлардың басталуын анықтауға арналған айды бақылау технологиялары туралы экспозициялар қойылған.
Бақылау алаңынан Меккедегі әл-Харам мешіті мен қаланың панорамалық көрінісін тамашалауға болады.
Мекке қаласы мен қасиетті орындарды дамыту жөніндегі корольдік комиссияның мәліметінше, бұл жетістік қаланың тарихи, ғылыми және сәулеттік мұрасын танытуға, қажылар мен туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Биіктігі 601 метр болатын Сағат мұнарасы 2012 жылы пайдалануға берілген. Ол әл-Харам мешітінің жанындағы жеті ғимараттан тұратын Abraj Al-Bait кешенінің құрамына кіреді.
Жаңа екі рекордты есептегенде, мұнараның Гиннестің рекордтар кітабындағы жетістіктерінің саны кемінде бесеуге жетті. Бұған дейін ол әлемдегі ең биік сағат мұнарасы, ең үлкен сағат циферблаты және ең биікте орналасқан сағат циферблаты номинациялары бойынша рекорд орнатқан.
Қажылық – 2027: Квота құны қанша және қандай құжаттар қажет?
2027 жылы Қазақстаннан қанша адам қажылық сапарға бара алады