Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысы әкімінің жылу мәселесіне жауапты орынбасарын жылу маусымына дайындық мерзімін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу маусымы 11 өңірде басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазан айы ішінде қалған облыстарда ауа райына қарай жылу кезең-кезеңімен беріледі.
"Барлық жылу көзінде күзгі-қысқы кезеңге кіруге қажетті жабдық пен отын қоры жеткілікті. Энергия көздерінің қоймаларында отынның нормативтік қоры жасақталған. Жабдықтың уақытында жеткізілмеуіне байланысты Семейдегі орталық жылу пункттерін жөндеудің аяқталу мерзімі кейінге шегерілді. Осыған байланысты жылу беруге дайындық 5 қазанда қамтамасыз етілді. Абай облысының әкімдігі қаладағы барлық тұтынушыға жылуды жедел түрде беруді аяқтауы қажет", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Олжас Бектенов жылу маусымы ел бойынша жоспарға сай басталғанын атап өтті. Алайда бұған дейін жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін толық дайындауды тапсырғанын айтты. Бұл талапты бір өңірден басқа барлық облыс белгіленген мерзімде орындаған.
"Тек Семейде жылу желілерін дайындау жұмыстары уақытында аяқталмады. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын", – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылу маусымының өтуін бақылау жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар энергия көздері мен жылу желілерінің жұмысын тұрақты түрде тексеру қажет.
Бұдан бөлек, өңірлерде халық үшін көмірдің жеткілікті болуын және оның тұрақты бағамен сатылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.